Жаңалықтар

Балаларына екпе салудан бас тартқан ата-аналарға айыппұл салынбақ

ашық дереккөзі

Балаларына екпе салудан бас тартқан ата-аналарға айыппұл салынбақ

Балаларына екпе салудан бас тартқан ата-аналарға 68 доллар көлемінде айыппұл салынады. Осы талапты Діни істер және азаматтық қоғам жөніндегі министрлік жаңадан әзірленіп жатқан "Діни қызметтер жөніндегі" заң жобасына енгізуді сұрайды. Министрлік шенеуніктері дәстүрлі емес дінді ұстанушылар арасында балаларына екпе салдырудан бас тартып жатқан жағдай қоғамда үлкен мәселеге айналып отыр дейді. Тек 2016 жылы 9,5 мың ата-ана балаларына екпе салдырудан бас тартқан. Олардың жартысы діни көзқарастары үшін деп түсіндірген. Заң жобасына мынадай талаптарды да енгізу қарастырылған: Ата-ананың рұқсатынсыз кәмелетке жасы толмағандарға дінді насихаттағаны үшін діни бірлестік жетекшілеріне 680 доллар көлемінде айыппұл салынады. Шетелде діни білім алуға тек Қазақстандағы арнайы діни оқу орталықтарынан білім алғаннан кейін ғана рұқсат беріледі. "Қоғамға кері әсерін тигізетін идеологиялық ағымды" насихаттауға арналған сыртқы көріністерге тыйым салынады. "Біз бұзушы күштердің сыртқы әсерін талқылап жатырмыз. Бұл тек киімге ғана қатысты емес. Мысалы "Ку-клукс-кланның" бас киімін алыңыз. Біз қандай нышандар мен үлгілер бұзушы болатынын талқылап жатырмыз. Бұл жерде хиджаб киюге қатысты әңгіме жоқ. Хиджаб пен бетті жабатын паранжыны салыстыруға болмайды", – деп мәлімдеді діни істер және азаматтық қоғам жөніндегі министр Нұрлан Ермекбаев. Заң шығарушылар елдің 16 заңына 60-қа жуық өзгерістер енгізуді ұсынады. Заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.