Жаңалықтар

Павлодарда кіріс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі – 88 пайыз

ашық дереккөзі

Павлодарда кіріс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі – 88 пайыз

Павлодарда кіріс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі 88 пайызды құрайды. Павлодар қаласында шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі 100 пайыз болса, кіріс құжаттарының үлесі 88 пайызды құрайды. Бұл туралы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. «2007 жылдан бастап Павлодар облысы мемлекеттік тілде іс жүргізуге толық көшті. Содан бері мемлекеттік органдарда, мекемелер мен ұйымдарда қазақ тілінде жүргізіледі. Бүгінгі күні қала бойынша мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттары 100 пайыз болса, кіріс құжаттары 88 пайызды құрайды. Мәселен, «Су арнасы», «Павлодарэнерго» сияқты жеке меншік кәсіпорындардан келген кіріс құжаттары орыс тілінде ғана жазылады», - дейді Мейрам Нұғыман. Спикердің айтуынша, тамыз айында мемлекеттік қызметте және бюджеттік салада жұмыс істейтін 240 адам «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуден өтеді деп жоспарлануда. Қазақстанда бірыңғай тестілеу жүйесі бес жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Тест нәтижесі төрт категория бойынша бағаланады. Сынама тест тегін жүргізілсе, ақылы (шамамен 5000 теңге) тестілеудің нәтижесінде қазақ тілін меңгергені туралы сертификат беріледі. - Бізге тілдерді дамыту басқармасы кезекті тестілеу өтетіні туралы хабарлайды. Бұдан кейін барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға хат жолдаймыз. Олар қатысуға ниет білдіргендердің тізімін береді. Қатысушылардың көбі мектеп директорлары, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері, мемлекеттік қызметшілер. Қазіргі таңда әзірге жұмыс істейтін тұрғындар қатысады, яғни жаппай тексеру жүргізілмейді. Дегенмен өз еркімен келетін болса, тест тапсыруына болады, - дейді Мейрам Нұғыман. 2017 жылы 24-28 сәуір аралығында өткізілген тестілеуге 59 мемлекеттік қызметші және бюджеттік салада жұмыс істейтін 310 адам қатысқан. Оның ішінде қазақ тілін орташа деңгейде меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 45 пайызды құраса, 2 пайызы жоғары   және  53 пайызы базалық деңгейде меңгерген. Бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметшілердің 33 пайызы қазақ тілін орташа деңгейде, 67 пайызы базалық деңгейде біледі.