Жаңалықтар

Мамай ісі бойынша куәгер: себебін сұрамастан, ақшаны апарып бердім

ашық дереккөзі

Мамай ісі бойынша куәгер: себебін сұрамастан, ақшаны апарып бердім

Мамай ісі бойынша куәгер: себебін сұрамастан, ақшаны апарып бердім. Журналист Жанболат Мамайдың ісі бойынша айыптау тарапынан келген куәгер Ғалымжан Аханов 2011-2014 жылдары арасында Шәмшия Жарымбетованың конвертке салып берген ақшасын белгісіз жас жігіттерге бірнеше рет апарып бергенін айтты "Ақшаны 20-40 мың доллармен бірнеше бөлікке бөліп, төрт-бес рет апардым. Соңғы рет 20 мың доллар алған адамның Жанболат Мамай екенін баспасөздегі суреттерінен таныдым", - деді Ғалымжан Аханов. Прокурор мен адвокаттардың сұрағына жауап берген Ғалымжан Аханов 20 мың доллардан өзге ақшаны кімдер алғанын мүлде білмейтін болып шықты. Бірақ ол «жеке басының қауіпсіздігі үшін кездесу алдында жаңа телефон мен sim-карта сатып алып, ізінше лақтырып тастағанын» айтты. Осыған дейін прокурор жариялаған айыптау актісінде БТА Банктің бұрынғы басшысы, оппозициялық саясаткер «Мұхтар Әблязов жымқырған қаржысының ізін жасыру мақсатында 2011-2014 жылдары БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары, сол кезде шетелде болған Жақсылық Жарымбетов арқылы Жанболат Мамаймен байланысқан. Жарымбетов Мамаймен Skype арқылы байланысқан және үшінші адам арқылы 110 мың доллар көлемінде қаржы берген. Мамай қаржыны газет шығаруға жұмсаған» деп көрсетілген еді. Жанболат Мамайдың ісі бойынша сотта БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов те куәгер ретінде жауап берген. Жанболат Мамайға ақша бергенін растаған ол «елге тәуелсіз БАҚ керек деп санағандықтан көмектескенін» айтқан. Оппозициялық «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакторы міндетін атқарушы 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда қамалып,тамыздың 14-інен бері сотқа тартылып жатыр. Мамай Мұхтар Әблязовпен қандай да бір байланысы барын жоққа шығарып, айыптың саяси астары бар екенін айтады.