Интернетте діни әндер жариялау сотқа ұласты

Интернетте діни әндер жариялау сотқа ұласты

Интернетте діни әндер жариялау сотқа ұласты
ашық дереккөзі
«Вконтактеден» араб тілінде нашид (діни ән) «тыңдаған» Алматы тұрғынына «әлеуметтік желі арқылы терроризмді насихаттады», «діни араздық қоздырды» деген айып тағылып отыр. Бес айға созылған тергеуден соң іс өткен жұмада Алмалы аудандық сотына берілді. Оның адвокаты «ән үшін кінәлауды бірінші рет кездестіріп отырғанын» айтады. 32 жастағы Алматы тұрғыны Шухрат Кабировті 2017 жылы сәуірде қалалық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті (ҰҚКД) өкілдері қамауға алған. Ол қылмыстық кодекстің 174-бабы (діни араздық қоздырды) және 256-бабының 2-тармағы бойынша (бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникациялар желілері арқылы терроризмді жария түрде насихаттау) айыпталып отыр. Айыптарға себеп ретінде тергеушілер 2014 жылы «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі «Алим Ахметов» атты аккаунт жариялаған араб және шешен тіліндегі нашид әндерін алған. Әлгі діни әндер жарияланған аккаунт әлгі желіде әлі бар, иесінің аккаунтқа тамыздың 8-і күні кіргенін көруге болады. Тергеу тарапы «Шухрат Кабиров әлеуметтік желіге «Алим Ахметов» болып тіркелген» деп болжайды. Оның адвокаты Ғалымжан Нұрпейісов «Шухрат Кабировтің әлгі «қауіпті» нашидтерді жариялаған «Алим Ахметовтің кім екенін білмейтінін» айтты. Қорғаушының сөзінше, «Вконтактедегі» осы аккаунт тіркелген мобильдік телефон нөмірін ол өзіне «тек 2016 жылы қазан айында» рәсімдеген. Алматы қалалық ҰҚК департаментінің аға тергеушісі, подполковник Рахат Рүстемов жазған айыптау актісінде Шухрат Кабировтің «ешқандай теологиялық арнаулы білімі болмаса да 2013 жылдан бастап исламды өз бетінше интернет сайттар арқылы оқып-үйрене бастағаны» жазылған. Бұл актіде тергеуші Кабировті «бейбітшілік пен адамдар өміріне қатысты, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасады» деп сипаттаған. Айыптау актісіндегі ақпаратқа қарағанда «2014 жылы қыркүйекте Кабиров араб тілін жетілдіру үшін осы тілдегі түрлі діни әдебиеттерді белсенді түрде оқи бастаған. 2014 жылы қазанда түрлі радикалдық топтардың әрекетінен хабардар болу үшін әлеуметтік желіде өз парақшасын ашқан. Осы мақсатта ол «Фуркан» қызметкерлерінің біріне ақша беріп, мобильдік нөмір алдыртқан. «Вконтакте» әлеуметтік желісіне осы нөмірмен «Алим Ахметов» болып тіркелген, кейін 2016 жылы бұл нөмірді өз атына рәсімдеген» деп жазылған.