Жаңалықтар

Париж 16 миллион турист қабылдаған

ашық дереккөзі

Париж 16 миллион турист қабылдаған

Биыл Париж рекордтық туристер нөпірін қабылдады. Францияның Париж қаласына және қаланың шеткі өңірлеріне келген туристердің саны соңғы он жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетіп, 16,4 млн адамды құраған. Бұл туралы Иль-де-Франс туризм комитеті хабарлады, деп жазды RNS. Әлбетте, Астананы тамыры терең әлем астаналарымен салыстыра алмаймыз. Десе де ЭКСПО көрмесіне келген туристер 3 миллионға жуықтады деп қуанып жатқанда, ғашықтар қаласы бір жылдың ішінде 16 миллионнан астам туристті қарсы алған. Алдағы уақытта Астана да Париж сияқты туристер нөпірін қарсы алады деп үміттенеміз. 2016 жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда келген туристердің саны 10 пайызға көбейген. Ал сырттан келгендердің көрсеткіші 14,9 пайызға, ішкі туристердікі 6,4 пайызға көбейген. Парижге баруға қызығушылық танытатындардың көпшілігі америкалықтар (1,14 млн адам) мен британдықтар (908 мың адам). Париж қонақүйлеріндегі тұрудың орташа бағасы экономкласс бойынша 87 еуроны және премиум бойынша 228 еуроны құраған. Ал қала шетіндегі бағалар 64 және 168 еуро шамасында. Сондай-ақ, Парижден тыс аймақта ең көрнекті туристік орын Версаль болған. Айта кетейік, Парижге келген туристердің саны Қазақстан халқының санына тең деуге болады. Ал Қазақстанның мұндай көрсеткішке жетіп, туризмнің экономика көрсеткіші болуы үшін ширек ғасыр керек шығар.