Жаңалықтар

Елбасы «Өскемен титан-магний комбинаты» басшылығын қабылдады

ашық дереккөзі

Елбасы «Өскемен титан-магний комбинаты» басшылығын қабылдады

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамының басшылығын қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Кездесу барысында Қазақстан Президенті соңғы жылдары кәсіпорынның оң нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын атап өтті. «Мемлекет тарапынан бастамалардың бәріне жан-жақты қолдау көрсетілді. Бүгінде комбинат мейлінше тұрақты жұмыс істеп, дамып келе жатыр. Қолдағы мәліметке сәйкес, былтыр өндірістің 10%-ға, кіріс көлемінің 20 %-ға артқаны байқалады», - деді Елбасы. Мемлекет басшысы шетелдік компанияларды тарту арқылы инновациялық жобаларды одан әрі іске асырудың қажет екеніне назар аударып, ол кәсіпорынның әрі қарай дамуының маңызды тірегіне айналатынын айтты. «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы С.Геллер мен кәсіпорын президенті Ә.Мамытова кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді. «Сіз атап өткен өндіріс көлемінің өсуі әуе-ғарыш және өнеркәсіп нарықтарындағы жалпы өсімдермен байланысты болды. Бірлескен кәсіпорындар іске қосылды, жобалық қуатқа жоспарлы түрде қол жеткізу байқалуда», - деді Ә.Мамытова. Қазақстан Президентіне шетелдік әріптестермен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. «2014 жылы Франция үкіметімен бірлесіп, атом өнеркәсібіне арналған титан құймалары мен бұйымдарын өндіретін екінші кәсіпорынның құрылғанын еске салғым келеді. Бүгінде зауыт құрылысы аяқталды. Биылғы 15 қыркүйекте зауыттың ашылу рәсімі өтеді», - деді «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамының президенті. Сондай-ақ, Ә.Мамытова кәсіпорынның оңтүстіккореялық «POSCO» компаниясымен бірлескен қызметі жөнінде айтты. «Бірлескен жобаны іске асыру және заманауи технологияларды қолдану Қазақстан-Корея кәсіпорнына әлемнің жалпақ титан прокаты нарығына шығуға мүмкіндік береді», - деді Ә.Мамытова. Мемлекет басшысы «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамының жұмысымен құрылғалы бері таныс екенін айтып, кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету перспективасы жөнінде сұрады. Ә.Мамытова құрамында титаны бар шикізаттар халықаралық әуе-ғарыш стандарттарына сәйкес алыс шетелдерден жеткізілетінін атап өтті. «Биыл «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамының 2022 жылға дейінгі даму бағдарламасы аясында ильменит концентратын өндіретін екінші кен байыту фабрикасының құрылысы басталды. Қазақстандық үлесті арттыру мақсатымен Үлбі металлургия комбинатының мамандарымен бірлесіп әзірленген жаңа технологиялар енгізілді», - деп түйіндеді Ә.Мамытова.