Қырғызстан премьері отставкаға өтініш берді
Қырғызстан премьері отставкаға өтініш берді
Қырғызстан премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков отставкаға өтініш берді. Бұл туралы ол бүгін үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Кабар.
«Менің отставкаға кетуім президенттік сайлауға қатысуыма байланысты. Бүгін түстен кейін мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың атына отставкаға кету туралы өтініш жазамын», деді ол.
Сондай-ақ Жээнбеков өзі басшылық еткен уақытта үкімет алға қойылған міндеттерді орындағанын мәлімдеді. Ол «министрлер кабинеті саяси процестерге араласпай, тек қана экономикамен айналысқанын» атап өтті. Еске сала кетейік, бүгін Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы Жээнбековті президент лауазымына үміткер ретінде тіркеді. Ол сайлауға Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының атынан қатысады. Қырғыз Республикасындағы президент сайлауы 2017 жылдың 15 қазанында өтеді.