"Ақылды кеніш" бағдарламасы жүзеге асырылмақ
"Ақылды кеніш" бағдарламасы жүзеге асырылмақ
Бүгін Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «ақылды кеніш» бағдарламасы аясында қандай өзгерістер болатынын айтты берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл қыркүйек айында халықаралық сарапшылармен бірге өнеркәсіптердің Индустрия 4.0 технологиясына өтуге дайындығының техникалық талдауын аяқтаймыз. Ал, жыл соңына қарай 2025 жылға дейін Индустрия 4.0 элементтерін енгізу бойынша Үкімет қаулысына сәйкес кезеңдік жоспарды қабылдау күтілуде»,-деді Жеңіс Қасымбек.
Осы орайда ол министрлік ERG, KazZinc, ArcelorMittal, Қазақмыс және басқа да жүйеқұраушы ірі компаниялармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда аталмыш кәсіпорындар өздерінің цифрлы жаңғыру жоспарларын дайындап, «ақылды кеніш» сияқты бағдарламаларын іске асыруға кірісіп кеткенін атап өткен жөн.
«Онда барлық деректерді талдау, алдыңғы қатарлы датчиктер мен сенсорлар, интеграцияланған ақпараттық жүйелер (ERP, MES), роботтандыру операциялары сияқты тағы басқа да технологиялар енгізілетін болады. Мысалы, ERG компаниясы алдағы 10 жылда шамамен 800 млрд теңгенің цифрландыру жобасын инвестициялауды жоспарлап отыр»,-деді ведомство басшысы. Оның айтуынша, Индустрия 4.0 технологиясына көшу процесі әлем бойынша әлі бастапқы кезеңде келеді.
«Бізде бұл процестен қалмаудың мүмкіндігі бар. Мұндағы мәселенің барлық қиындықтарына қарамастан, біз Индустрия 4.0 технологиясы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер әкелетінін көріп отырмыз. Соның ішінде тиімділікті арттыру, жаңа бизнес пен экспортқа бағытталған өндіріс құру мәселелерін айтуға болады»,-деді Ж. Қасымбек.