Қаз дауысты Қазыбек би жолымен автокеруен жолға шықты
Қаз дауысты Қазыбек би жолымен автокеруен жолға шықты
Қаз дауысты Қазыбек би жолымен автокеруен жолға шықты. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараға қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Салтанатты іс-шара қазақтың ұлы биінің туған жері - Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ аулында өтті. Оған Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар жекетшілері, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шараға қатысушылар Қазыбек би ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен бірге, Қарағанды облысының шығармашылық ұжымдары әзірлеген «Қаз дауысты Қазыбек би» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президентінің салтанатты іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтауын оқып берді. Онда Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз ұлтымыздың тарихында есімі алтын әріппен жазылған қайраткер тұлға екені атап өтілді. Бүгінгі тәуелсіз, бейбіт әрі өркендеген Қазақстан - ата-бабаларымыз арманының орындалғанының белгісі. Осының бәрі халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасы. Біз - өткенімізді қастерлеп, бүгінімізді қадірлей отырып, болашаққа зор үмітпен қол созамыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру арқылы тарихымызды, мәдениетіміз бен ұлттық жадымызды жаңғыртып, одан әрі байытатын боламыз. Іс-шара аясында Қазыбек биге арналған халықаралық айтысқа қатысушы ақындар арнау шығарып, еліміздің танымал әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт өтті. Шара қазақ күресі және аламан бәйге сияқты спорт жарыстарымен жалғасты. Сондай-ақ 30 тамызға дейін Қарағанды облысы аумағынан Қызылорда, Түркістан, Тараз, Шымкент қалалары арқылы жүріп, Өзбекстанның Ташкент, Науаи қалаларына дейін баратын «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: бабаларға тағзым!» атты халықаралық автокеруен жолға шықты.