Вашингтон: Қазақстан «дәстүрлі емес» дін өкілдерін қудалауды күшейтті
Вашингтон: Қазақстан «дәстүрлі емес» дін өкілдерін қудалауды күшейтті
Вашингтон: Қазақстан «дәстүрлі емес» дін өкілдерін қудалауды күшейтті. АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Халықаралық діни бостандық жөніндегі 2016 жылға арналған жыл сайынғы есебін жариялады.
Әлемдегі 200-ден астам мемлекет пен аймақтардағы дін бостандығының ахуалын сипаттайтын бұл есеп үкіметтердің, террорлық топтардың және жекелеген адамдардың діни бостандық заңдарын бұзу немесе оны асыра пайдалану фактілерін саралап шыққан.
Жылдық есепті АҚШ Конгресіне жолдаған кіріспе сөзінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон дін бостандығын Американың «ең басты құндылығы» деп атай келе, «Ислам мемлекеті» (ИМ) сияқты террорлық ұйымдардың осы бостандықты пайдаланып, адамдарды ұрлап, зорлап, құлдыққа салып және өлтіріп жатқанын айтты. Мемлекеттік хатшының айтуынша, ИМ езидтерге, христиандарға, шиит мұсылмандарға қарсы геноцид ұйымдастырған. Тиллерсонның сөзінше, әлемдегі кейбір үкіметтердің діни сенім бостандығын дұрыс қорғай алмауы осы елдерді тұрақсыздыққа ұрындырып отыр.
АҚШ үкіметінің болжауы бойынша, 2016 жылдың шілде айында Қазақстан халқының саны 18 миллион 400 мың адамға жеткен. Ал Қазақстандағы ұлттық санақ нәтижелері бойынша, тұрғындардың 70 пайызына жуығы мұсылман, мұның басым көпшілігі сунниттердің ханафи бағытын мойындайды. Ал шафи сунниттер, шейіттер, сопылар, ахмади мұсылмандар елдегі жалпы мұсылмандардың бір пайызын ғана құрайды.
Қазақстанның ресми деректері бойынша, халықтың 26 пайызына таяуы христиан дінін ұстанады. Мұның басым көпшілігі – орыс правсолав шіркеуінің өкілдері. Ал осының үш пайыздайы христиан дінінің өзге ағымдары.
Діни бостандық туралы жылдық есептің Қазақстанға қатысты бөлігінде Қазақстанның конституция бойынша зайырлы мемлекет екендігі, діни бостандыққа кепілдік берілетіні айтылады. Дегенмен, есепте ел үкіметі діни ұйымдарды «дәстүрлі» және «дәстүрлі емес» деп екіге бөліп, «дәстүрлі дінді жақтайтындарды мойындап әрі оларға қолдау көрсетіп, ал «дәстүрлі емес» ұйымдарды жіті қадағалап, қудалап отырғаны» жазылған. «Конституция бойынша әркімнің өз дінін, наным-сенімін ұстануға, діни шараларға қатысу, өз сенімін таратуға қақысы бар. Бірақ, бұл құқық тек «дәстүрлі» немесе тіркелген діни ұйымдарға ғана тиесілі» дейді есеп авторлары.