Алматы жылыту маусымына 63 пайызға дайын
Алматы жылыту маусымына 63 пайызға дайын
Алматы алдағы жылыту маусымына 63 % дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов дайындық жұмыстарын тексеру барысында мәлімдеді. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, биыл қалада жүргізілген инженерлік желілердің көлемі тарихта болмаған көрсеткішке жетті.
«Биыл Алматыда маусымаралық уақытта ауыстырылған жылу желісінің көлемі рекордты көрсеткішке жетті. 30 шақырымға созылған магистральды желіні Кеңес Одағы тұсында да ауыстырмаған», - деді Ерлан Әукенов көшпелі жиын барысында.
Қала билігі осылайша жалпы қала бойынша тозған құбырлардың 10%-ын жаңалауды көздеп отыр. Бұл құбырлардағы апатты жағдайларды азайтып, тұтынушыға берілетін жылуды жоғалтудың алдын алады. Әкім орынбасарының айтуынша, қаладағы су желілерінің салыну көрсеткіші де рекордты бұзған. Биыл Алматыдағы су желілерінің жалпы ұзындығы 11,8% -ға, яғни 3 165 шақырымнан 3 539 шақырымға артады. Ал кәріз каналының ұзындығы 20,7%-ға, яғни, 1 619-дан 1 955 шақырымға артады. 284 шақырымдық жаңа су желісін іске қосу орталық сумен қамту жүйесіне 35 мың үйді қосуға мүмкіндік береді. Е.Әукеновтың айтуынша, биыл 317 шақырым су желісі мен 265 шақырым кәріз желісіне 25,5 млрд теңге бөлінген. «Қазіргі таңда су желісінің 55% дайын, болса, кәріз желісінің 59%-ы дайын», - деді Әукенов.
Әкімнің орынбасары биыл Алматы қаласы жылыту маусымына 63%-ға дайын екендігін айтты.