Ірі газ компаниясының тарифті негізсіз көтергені дәлелденді
Ірі газ компаниясының тарифті негізсіз көтергені дәлелденді
«ҚазТрансГаз Аймақ» 5 жылдан бері тұтынушыларды заңсыз тонап келген. Компания газдың бағасын негізсіз көтеріп, осы уақытқа дейін 2 миллион тұрғынды артық ақша төлеуге мәжбүрлепті деп хабарлайды КТК арнасы.
«ҚазТрансГаз Аймақ» Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан мен Қостанай облысының тұрғындарын ұзақ уақыт бойы алдап келгені анықталып отыр. Жалпы, комитет қостанайлықтардың толассыз шағымынан кейін тексеруді бастапты. Шенеуніктер араны ашылған компаниямен бірнеше ай соттасып, соңында тұтынушылардың 268 миллион теңгесін қайтарып беру туралы шешім шығарған. Енді газ компаниясы желтоқсанның ортасына дейін жұрттың артық төлеген ақшасын толық қайтаруы тиіс. Ал Табиғи монополияны ретету комитетіндегілер жақында еліміздің барлық аймағын аралап, тұтынушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.
Елена Добриян, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің басқарма басшысы:
-Тексеру жүргіздік, «Қаз ТрансГаз Аймақпен» 5 ай соттастық. Компанияның тарифті негізсіз көтергенін дәлелдеп бердік. Сондықтан мекеме бюджетке 13 миллионнан астам теңге айыппұл төледі. Және түбіртектерді қайта есептеп, тұтынушылардың артық төлеген ақшасын қайтаруы керек.