ҰБТ: Үздіктер есімін таппаған тізім

ҰБТ: Үздіктер есімін таппаған тізім

ҰБТ: Үздіктер есімін таппаған тізім
ашық дереккөзі
Өткен аптада мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланды. Көпшіліктің қуанышында шек жоқ. Бірақ ұлттық тестілеуде жоғары балл жинаса да, бірде-бір грантқа ілінбегендер бұлай қуана алмады. Ескерусіз қалған «Алтын белгі» иегерлерінің біразы грантқа түсе алмай қалды. Білім және ғылым министрлігі келіп түскен арыздарды саралай отырып, 1487 талапкерге қосымша грант тағайындады. Биыл білім грантын тағайындау конкурсына 63 мың 169 адам қатысып, оның ішінде 49 мың 858 адам – қазақ тіліндегі оқу бөліміне, 13 мың 311 адам – орыс тіліндегі оқу бөліміне тапсырған. Сондай-ақ, биыл грант саны ұлғайтылып, жоғары білім алу үшін берілетін білім гранттарының саны – 37 мың 932 грантқа жеткізілді. Оның ішінде, 1 курсқа оқуға қабылдауға – 35 мың 82 грант (күндізгі оқу нысаны бойынша – 34 мың 782, сырттай оқу нысаны бойынша – 300 грант), жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне  – 2 мың 850 орын бөлінді. Аталған басымдықтарды ескере отырып, техникалық ғылымдар мен технологиялық мамандықтарға 13 мың 670 грант, педагогикалық мамандықтарға 8 мың 235 грант, ауыл шаруашылығы мен ветеринарлық мамандықтарға 2 мың 682 грант, медициналық мамандықтарға 3 мың 150 грант және басқа да гранттар қарастырылған болатын. Бұл ретте мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға жіберілген жоғары оқу орындарының тізімі де кеңейтіліп отыр. Биылғы грант тағайындауда «Серпін» бағдарламасы, әскери, ауыл, мүгедектер, дисапора, жеті балалар категориясы ескерілді. Талапкерлер тағат таппайтын тамыз Тамыз басталысымен талапкерлер жанын шүбереке түйіп, грант тізімін асыға күтті. Өйткені осы айда олардың тағдыры шешіліп, өмірлік мақсатына бір қадам жақындай түседі. 4 тамызда білім гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық конкурстық комиссия өз жұмысына кірісті.  Комиссияның құрамында мемлекеттік органдар, «Атамекен» Қазақстан Республикасы ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және жоғары оқу орындарының ректорлары болды. Көп ұзамай ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтында 2017 жылғы Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің толық тізімі жарияланды. Өкінішке қарай, талайлар тізімнен есімін таба алмай, абдырап қалды. Өйткені, бір мамандыққа тапсырған балалардың ішінде ҰБТ-да төмен балл жинаған бала грант иеленсе, жоғары балл алған талапкер керісінше тізімде жоқ болып шықты. Көптеген «Алтын белгі» иегерлері де тізімнен тыс қалды. Осындай оқиғалар республика бойынша көп тіркелді. Іле-шала наразылық білдірген жұртшылық Астанадағы Білім және ғылым министрлігінің ғимаратына келіп, орын алған жайтты түсіндіріп беруін талап етті. Министрлік жағдайды саралай келе, дүйсенбіде қосымша гранттар тізімін жариялады. Министрліктің хабарлауынша, алғашқы тізім еш өзгеріссіз сақталады. Қосымша тізімде оқуға ілінбей қалған талапкерлер мен «Алтын белгі» иегерлеріне Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі есебінен қосымша гранттар бөлінді. Жалпы есепте, грант тағы 4 пайызға, яғни 1487 адамға көбейді. Осы орайда ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенова неліктен түсініспеушілік болғанын баспасөз өкілдеріне тарқатып берді. Әуелі, «Алтын белгі» иегерлерінің жағдайы ауызға алынды. «Қолданыстағы заң бойынша «Алтын белгі» иегерлері артықшылық құқығына сәйкес гранттармен қамтылуы керек. Келесі жылдан бастап гранттар тек ҰБТ балымен, жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға, ауылдық квота бойынша және өзге санаттарға ғана бөлінетіндей жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», – деп атап өтті ол. Директордың түсіндіруінше, жоғары балл жинап, бірде-бір грантқа ілінбей қалған талапкерлер кең таралған мамандықтарға тапсырыс берген болып шықты. «Біз ата-аналар арызының мәнін сараладық. Олардың арызын талқылай бастағанымызда, халық арасында әр түрлі түсінік қалыптасқанын білдік. Өйткені биыл оқуға түсу үшін шектік ұпай саны өзгерді. Олар бұрынғыдай ең жоғарғы ұпай 100 екен деп жүр, негізінде талапкер 140 ұпай жинай алады. Екіншіден, талдау көрсеткендей, арыз берушілер – кең таралған мамандыққа тапсырған балалардың ата-аналары. Яғни, "Заң", "Халықаралық құқық", "Жалпы медицина", "Қаржы", "Менеджмент". Мұндай мамандықтарға өзгелермен салыстырғанда онша басымдық берілмеген», – деді Көбенова ханым. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұловтың мәліметіне сүйенсек, конкурс жоғары болған мамандықтар Денсаулық сақтауға шекті балл – 129, фармацевт  – 130, стоматология – 131, педиатрия– 126, жалпы медицина –128, ақпараттық қауіпсіздік жүйесі – 125, логистика – 128, мемлекеттік аудит – 126, халықаралық қатынастар – 126, әлем экономикасы – 125, қаржы –124 баллды құраған. Ведомствоның хабарлауынша, мамандықты таңдау талапкер мен оның ата-анасының еркінде. Көп жағдайда мектеп бітірушілер грант аз бөлінетін әрі конкурсы күрделі заңгерлік немесе экономикалық мамандықты таңдап жатады. Бұған қоса абитуриенттер оқу орнын өздері таңдап алатынын да ескеру керек. Сондықтан, ҰБТ-да алған балға деген талап оқу грантын алып, ЖОО-ға түсу үшін әр түрлі мамандық бойынша әр түрлі болып келеді. «Бұған қоса жеңілдетілген санаттар бойынша ата-аналар ауылдықтарға квота бөлінетінін білуі тиіс. Бұл да жыл сайын қайталанатын үрдіс. Сол себепті, ол категориядағы мектеп бітірушілер аз балл алса да грантқа түсіп жатады. «Алтын белгі» иелері қазіргі қолданыстағы заң бойынша жеңілдетілген санатқа жатқызылады. Министрлік олардың ҰБТ балын барлығымен бірдей теңестіру туралы заңнама енгізді. Бірақ, ол заң әлі қабылданған жоқ. Бәлкім, ол заң күзге қарай күшіне еніп, «Алтын белгі» иегерлеріне берілетін артықшылық келесі жылдан бастап болмауы мүмкін. Негізі,  бұл үрдіс бұрыннан бар», – делінген министрлік түсіндірмесінде. Биыл гранттар төңірегінде даурықпа ақпарат көп. Әсіресе, «Алтын белгінің» белгісіз мәртебесі талай баланы әуре-сарсаңға салды. Бұл өз кезегінде грант бөлудегі жемқорлыққа жол ашқан сияқты. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың айтуынша, мемлекеттік гранттарды бөлу құзыреті университеттердің өздеріне берілгеннен кейін жемқорлық мәселесі ушығып кеткен. «Соңғы жылдары мемлекеттік гранттарды тарату кезінде қызмет бабын асыра пайдалану мәселесі ушығып келеді. Себебі қазіргі кезде гранттарды университеттердің өздері таратады. Ал грантарды бөлу туралы шешімдер, көп жағдайда, постфактум, яғни бәрі шешілгеннен кейін ғана жарияланады. Сол себепті гранттарды тарату жұмысына қоғамдық бақылауды орнату қажет. Негізі, осы саладағы жемқорлыққа, көбінесе, оқытушылардың төмен жалақысы себеп болып жатады», – деді Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы жол картасын іске асыруға арналған селекторлық кеңесте. Есеп комитетінің мәліметіне сәйкес, өткен жылы жоғары оқу орындарында 109 қаржылық тәртіп бұзушылықтар болды. Шығынның жалпы көлемі 14,3 миллиард теңгені құрады. Тәртіп бұзушылықтардың ішінде түлектердің жұмысқа тұрғаны туралы жалған есеп беру, қаржылық шығындарды ойдан құрастыру және тағы басқа әрекеттер бар. Жыл басынан бері білім саласында 138 жемқорлық әрекет анықталды. Аталған көрсеткіш өткен жылдың алты айымен салыстырғанда, 4 пайызға артық. Білім гранттарын үлестіруде оң үрдістер де баршылық. Биылдан бастап аймақтарда жергілікті әкімдердің гранты беріледі. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев: «Биыл алғаш рет жергілікті билік органдарының гранттары тағайындалады», – деді. «Министрлік жоғары балл алған талапкерлерге ЖОО гранттарының бөлінуіне ұсыныс жасайды. Сонымен қатар, министрлік биыл әр облыс әкімдерінің гранттарының бөлінуіне жағдай жасады. Алдағы 2 апта ішінде әкімдіктермен осы бағытта жұмыс жасалады. Бірде-бір талапкер назардан тыс қалмайды», – деді министрліктегілер. Ендеше, екі тізімге де ілінбеген талапкерлер облыстық әкімдердің грантын алуы мүмкін. Сонымен қатар, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Еркін Әбілдің мәлімдеуінше, физика, химия мамандықтарын ақылы негізде оқып жатқан студенттердің мемлекеттік білім грантын алуға мүмкіндігі бар. «Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі – мемлекет тарапынан физика, химия, информатика және биология мамандықтарына 1 мың грант ағылшын тілінде оқытуға бөлінді. Оның ішінде 253 талапкер грант алды. Ал қалған 747 грант қазір ақылы түрде оқып жатқан, 3 курсқа көшкен студенттерге конкурстық негізде, ағылшын тілінен емтихан тапсырған жағдайда беріледі», – деді ол. P.S. Білім саласында тамыз айының орны айрықша. Бұл айда білім гранттары анықталады, оқушылар мен студенттер мектепке дайындалады. Жаңа оқу жылының бағдарламасы бекітіледі. Дәл осы тамызда білім саласында тыным жоқ. Мұны айтып отырған себебіміз, айдың ортасы болса да, білім беруге қатысты мәселелер толастар емес. Басқа түйткілдерді былай қойғанда, тұңғыш рет қосымша гранттардың берілуі – әділет іздеген ата-аналарды бір серпілтіп тастады.