Амазонкалар аңыз емес, ақиқат

Амазонкалар аңыз емес, ақиқат

Амазонкалар аңыз емес, ақиқат
ашық дереккөзі
Бірақ археологтар тапқан жәдігерлерін аруларға қимайтыны қалай? Алтай тауларының баурайы құнды жәдігерлерге бай. Бір ғана Берел қорымдарының өзінен сақ дәуіріне жататын бірнеше ескерткіштер табылды. Таяуда осы маңнан тағы бір алтын адамның табылғанын «Сакралды Қазақстан» жобасының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы хабарлады. Осыдан кейін көп ұзамай Берел қорымдарының бірінде дала амазонкасының жерленгені анықталды. Сақ қызының ақсүйек болғаны анық, оның жанында қанжары, ат әбзелдері мен алтын белбеуі бар, жылқысы қоса көмілген. Археолог Зейнолла Самашевтің айтуынша, осы жәдігерлердің өзі-ақ әйелдің амазонка екенін дәлелдеп тұр.   Амазонкалар туралы не білеміз? Жауынгер әйелдер туралы мәліметтің көбін грек мифологиясынан естігеніміз жасырын емес. Көне заманда әйелдерден ғана тұратын қауым немесе мемлекет – амазонкалар елі деп аталған. Грек аңыздарында дала арулары Трояны қорғауға көмектесіп, қиян-кескі ұрыстарға қатысқан. Осы күнге дейін амазонкалардың мекен еткен жерлері туралы дау көп. Сондықтан да олардың жалпы тарихта болған, болмағаны да даулы. Әр-әр жерден табылған дәйектер, көне жәдігерлер өте шашыраңқы. Сондықтан болар, әлем тарихшылары жауынгер әйелдер грек жерінде өмір сүрген деген тұжырымға күмән келтіріп көрмепті. Бірақ соңғы жылдары тарихшы ғалымдар амазонкаларАлтай таулары мен Дон өзені аралығында көшпелі өмір сүрген деген тоқтамға келді. Нағыз амазонкалар – сақ, скиф қыздары болғаны туралы нақты дәлелдер бар. Айталық, Алтай тауларындағы Берел, Пазырақ, Шілікті қорымдарынан табылған жәдігерлер сақ дәуіріне сәйкес келеді. Қорымдардың көбінде текті әйелдер жерленген. Олар ерлермен бірге соғысқа аттанып, ат үстінде жауынгерлік ғұмыр кешкен. Оған амазонкалар тарихын зерттегендердің дәлелі көп. Мәселен, қытай тарихшысы, профессор Су Бихай: «Дейтұрғанмен, сақтарда әйелдердің қоғамдық орны едәуір жоғары болатын. Олар ерлермен бірге әлеуметтік істерге араласудан басқа тұлпар мініп, ту алып, соғыс шебіне де аттанып кете беретін, әрі соғыста өте жанкешті жауынгерлігімен көзге түсетін. Грек жазушысы Киятус (Keyitese) сақ әйелдеріне деген сүйінішін: «Сақ әйелдері – нағыз батырлар, олар соғыстың қиын сәттерінде ерлермен бірге қасап қырғынға кіріп кетеді» деп білдірсе, Алимарт Александр: «Мен соғысқа ерлерден кем түспейтін массагет әйелдерін, құдды ерлердей садақты сарната толғайтын өзге сақ әйелдерін жақсы білемін» деп жазады», – деп жазады өз зерттеулерінде. Оның Тұмар патшайым туралы жазғаны да бар. Біздің дәуірімізге дейінгі  VI ғасырда массагеттердің патшайымы Томирис «ері өлген соң, қалың қолға өзі бас болып, парсыларды ойсырата жеңеді» – дей келе, «олардың ұрпағын жалғастырған үйсін әйелдердің ер мінез, адуындылығы да сол сақтардан жалғасқан қасиет болса керек» дегенді атап өтеді. Амазонкалардың сақ қыздары екенінің тағы бір дәлелі – Тұмар ханшайым. Парсы патшасы Кирдің басын алған патшайым туралы деректер өте көп. Тұмар патшайымнан бастап, сол кездегі қыздардың, әйелдердің барлығы аттың құлағында ойнап, соғыста ерлермен бірдей шайқасатын болған. Жауды қуған амазонкалардың грек жеріне барғаны, әйгілі Ескендірмен кездесуі туралы да жазбалар бар. Берел қорғандарынан табылған дала амазонкасы ІІІ ғасырдың басы ІV ғасырдың аяғында өмір сүрген. Әйелдің жанынан табылған алтын белбеу оның жауынгер болғанын дәлелдейді. Грек географы әрі тарихшысы Страбонның деректерінде Сырдарияның шығыс бөлігін мекендейтін тайпалар (скифтер) шайқасқа алтын белбеу тағып шығатыны жазылған. «Массагеттер тек Күнді ғана Құдай деп санайды және оған құрбандыққа жылқы шалады... аттылы-жаяу жақсы жауынгерлер. Ұрысқа алтын белдік тағып шығады. Аттарына алтын жүген салады. Оларда күміс жоқ, темір аз, бірақ қола мен алтын өте көп», – деп жазады. Ақсүйек әйелдің жанынан табылған заттардың барлығы алтыннан құйылған. Алтын бұйымдар осы күнге дейін еш бүлінбеген. Тіпті  күрделі реставрация жасауды қажетсінбейді. Сонымен қатар Шығыс Еуропада да көшпелі амазонкалар өмір сүрген бірнеше орындар анықталған болатын. Жақында Днепр жағалауында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында скиф қызының жерленген жері табылды. Бейіттен қазып алынған бұйымдары біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырға тән. Археологтардың айтуынша, дала амазонкасы – жас аруға ұқсайды. Сонымен қатар соғыс кезінде жараланып, қайтыс болғаны да анықталып отыр. Амазонкалардың басты белгісі – алқасы мен алтын белбеуі, қорамсақ толы жебесі мен жылқысы да жақын маңнан қазылып алынған. Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан Украинаның Ұлттық ғылым академиясының Археология институты бұған дейін де амазонкалар жерленген аумақтарды анықтаған болатын. Ал Сібірдің оңтүстік бөлігі, қазіргі Орынбор облысынан да дала амазонкасы табылған болатын. Ресей археологтары 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген, сармат тайпасына жататын ақсүйек әйелдің жерленген орнын тапты. Әйелдің барлық бұйымдары алтын мен күмістен құйылған. Тереңдігі 4 метр жерде жатса да, бұйымдары еш бұзылмаған көрінеді. Жоғарыда аталған алып аумақты мекен еткен көк көзді, жирен шашты жауынгер қыздар туралы деректер әр елдің көне жазбаларында кездеседі. Ең қызығы, барлық жерде де олардың дала аруы – скиф қыздары екені айқын көрсетілген. Жалпы, тарих беттерінде амазонкалардың болғаны туралы деректер даулы. Көпшілігі аңыздарға құралса, кейбірі тым көне деректерде кездеседі. Бірінде  амазонкалардың грек жерінде өмір сүргені айтылса, бірінде қазіргі Түркия жерінде мекен еткені айтылады. Сонымен, Уикипедия мәліметі бойынша, амазонкалардың мекені Каспий (Гиркант) теңізінің солтүстік шығысындағы шөлді аймақтардан бастау алып, Еділге қарай көтеріліп, одан солтүстік шығысқа Дон (Танаис) арқылы Азов теңізі (Меотия көлі) Дунайға (Истра) қарай өтіп, гректер жеріне ішкерілеп еніп жатқан Қара теңізді жағалай орналасқан. Бұл жерлерді ежелден сақтардың қоныстанғанын ескеретін болсақ, амазонкалардың түпкі тамыры гректердің «скиф-сарматтар» деген атауымен астасып жатыр. Хош, амазонкалар – сақ қыздары екеніне дәлелдер көбейді. Күні кеше Берел қорымынан табылған ақсүйек әйелдің жауынгерлік қаруы мен ер-тұрманы, тіпті екі жылқысының қоса жерленгені оның қарапайым әйел еместігін аңғартады. Десе де әлемдік тарихшылар да, отандық тарихшылар да амазонкалар туралы деректерді елей бермейтін сияқты. Тіпті жоққа шығарады десек те болады. Төрт жыл бұрын америкалық ғалым Дэвис Кимбол амазонкалар туралы «Жауынгер әйелдер» атты кітабын жарыққа шығарды. Осы еңбегінде Есік қорғандарынан табылған Алтын адам әйел болуы ықтимал деген болжамын жайып салды. Ғалымның дәйегінше, бас киімдегі әшекейлер мен құстың бейнесін беделді әйелдер таққан. Ал бас киімінің формасы – қазақ қыздары киетін сәукелеге өте ұқсас деген пікірін де жазады. Сонымен қатар осы еңбегінде 1980 жылдан бастап, қазақ даласындағы қазба жұмыстарына қатысқанын, 1991 жылы орыс археологытармен бірге сарматтар туралы археологиялық қазба жұмыстарына қатысқанын баяндайды. Бұдан кейінгі жылдары археологиялық зерттеулерін Орал тауларындағы Покровка елді мекенінде жалғастырады. Ғалымның айтуынша, 1994 жылы қазба жұмыстары жүргізілген қорымдардан табылған сүйектердің басым бөлігі – әйелдердікі болған. Олардың жанынан сырға, жебе, етік, тұмарлар табылған. Ғалымның дерегіне сүйенсек, олардың ауқатты, ақсүйек отбасынан болғанын байқау қиын емес. Бірақ сүйектер жауынгер әйелдердікі екені туралы ақпарат елеусіз қала берді дейді ғалым. Расында, тарихшылар сақ қоғамында әйелдердің отбасындағы, қоғамдағы орны ерекше, жоғары болғанынан деректер келтіреді. Амазонкалардың тарих беттерінде өз орны бар. Бір анығы, сақ, скиф, массагет қыздары жауынгер болған. Ғалымдар Батыс Қазақстанда жүргізген қазба жұмыстары кезінде табылған ақсүйек әйелдің генін жергілікті қыздардың бірімен салыстырып көрсе керек. Ұқсастық – 99,9 пайыз болған. Осыдан кейін ғалымдар кішкене қыздың 2400 жыл бұрын өмір сүрген ақсүйек әйелмен туысқан екенін анықтады. Мұны айтып отырғанымыз, қазіргі қазақ қыздарының қайсарлығы, өмірге құштарлығы мен батылдығы дала амазонкаларынан бір кем емес. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы еліміздің тарихи жәдігерлері мен құнды ескерткіштерін түгендеп, бір жинаққа біріктіруді көздейді. «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – дейді Елбасы аталмыш мақалада. Олай болса, тарихты алыстан іздемей-ақ, қазақ жерінде мекен еткен батыр бабалар, жаужүрек аналардың ерлігі мен тарихи мекені сақталған аумақты қорғауға алып, өз халқына таныту, туристерді тартып, елдің мақтанышына айналдыру басты міндет болмақ...