Жаңалықтар

Атышулы видеодан кейін Астанада 35 тонна қарбыз жойылды

ашық дереккөзі

Атышулы видеодан кейін Астанада 35 тонна қарбыз жойылды

Өсімдіктер карантині бойынша мемлекеттік инспекция әлеуметтік желіні шулатқан шіріген қарбыздарға қатысты баяндады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешеніндегі өсімдіктер карантині бойынша мемлекеттік инспекция басқармасының басшысы Сымбат Қалиасқаров жалпы салмағы 35 тонна қарбыз сатылымнан алынып, жоюға жіберілгенін хабарлады. «Бұл өнімді сатылымнан алғыздық. Өнімнің сатылымнан алынуы оның тез арада жойылатынын білдіреді. Біздегі ақпаратқа сәйкес, аталған өнімнің жалпы салмағы 35 тоннаны құраған», - деді ол. Оның айтуынша, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде, атап айтқанда, ОҚО, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қауын шыбыны белең алды. https://www.youtube.com/watch?v=JByevJCPNFw «Жыл сайын қауын шыбынымен күресуге қаржы бөлінеді және оларды ауыздықтау мен жою үшін карантиндік шаралар жүргізіледі. Бәлкім, бұл қарбыздар қауын шыбынынан бұзылған шығар», - деп атап өтті С.Қалиасқаров. Сонымен бірге, мемлекеттік инспекция өкілі қарбыздардың бұл партиясының сертификатталмағанын хабарлады. «Өсімдіктер карантині туралы заңға сәйкес, ҚР аумағына тараған карантиндік объектілердің тізімі бар. Бұл тізімде қауын шыбыны да көрсетілген. Карантинге жатқызылған өнімнің облысаралық тасымалдаудың өз тәртіптері бар. Карантинге жатқызылған өнімді тасымалдаған жағдайда карантинтік сертификаттың болуы міндетті. Бұл құжат карантиндік өнімнің жағдайынан хабар береді. Бұл жағдайда 35 тонна қарбыз сертификатсыз тасымалданған», - деді ол. Еске сала кетсек, кеше әлеуметтік желіде Астана базарларының біріне жеткізілген шіріген қарбыздар туралы бейнежазба тарады. Онда ақ халатты әйел «Алаш» базарындағы қарбыздарды кесіп көрсетіп, олардың жеуге жарамсыз екенін айтады.