Жаңалықтар

Көкпар ережелері өзгерді

ашық дереккөзі

Көкпар ережелері өзгерді

Астанадағы «Қазанат» стадионында 20-28 тамыз аралығында көкпардан әлем чемпионаты өтеді. Осы мәселеге орай «Қазанат» ипподромында америкалық ковбойлардың баспасөз мәслихатына қатысқан ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан көкпарға енгізілген бірқатар өзгерістер турасында сөз қозғады. «Осы «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында әлем чемпионатын өткіземіз деп, шетелдегі әріптестермен ақылдасқан кезімізде көкпардың ережелерін жеңілдету мәселесін қарастырдық. Қазір өзгерттік. Осы уақытқа дейін көкпаршылар серкені қазандыққа салатын. Көкпардың әлемдік деңгейде дамуы үшін оның ережелерін барынша жеңілдету қажеттілігі туды. Жарақат алу қаупі тым көп. Қазандыққа соғылып, көкпаршы ішіне бірге түсіп кетіп, жарақатанып жатады. Ал америкалықтар кез келген дүниені өзіне бейімдеп алады. Оларға спорт түрін қызықты көрсете білу керек қой. Америкадағы әріптестер шеңбермен ойнауды қолға алып жатыр екен. Сондықтан осы ковбойлардың үлгісін тілге тиек ете отырып, тәжікстандық және өзбекстандық көкпаршылар «шеңберге шапсақ қалай болады?» деп ұсыныстарын білдірді. Біз оны қабылдадық», - дейді Бекболат Тілеухан. «Тиісті мамандармен ақылдастық. Көкпардың философиясы былай: көкпар - олжа, трофей. Ортаға тастаған соң «сенің қазаныңа саламын» деп айтудың өзі оның философиясына қайшы. Адам алған олжасын өзінің ауылына қарай тартады. Сол секілді ортаға тастаған серкені өзінің шеңберіне тарту керек деген пікірді үлкен ғалымдар айтты. Жалпы көкпар философиясына сәйкестендіріңіздер деген соң, солай еттік. Бәлендей айырмашылық жоқ. Сол бұрынғыдай, салым салу, жекпе-жек бәрі қалады, тек бағыты өзгереді», - дейді ол. Қауымдастық президентінің айтуынша, 1996 жылы көкпаршылардың қазандыққа шабатын тәртібі бойынша ереже қабылданған. Бірақ ол ереже тәртібімен қазақ пен қырғыздан басқа ешкім ойнай алмай қойғанға ұқсайды. Сондықтан, ережені барынша қарапайым ретке келтіру турасында шешім қабылданған. Астанада өтетін әлемдік жарысқа серкенің орнына муляж тартылмақ. Өйткені әр түрлі елде серке тартуды әртүрлі қабылдайды. Қайшылықтар туындамас үшін көкпаршыларға муляж тартқызу ойластырылған.