Жаңалықтар

Кәсіпкерлер үндеуіне Ахметжан Есімов жауап берді

ашық дереккөзі

Кәсіпкерлер үндеуіне Ахметжан Есімов жауап берді

Таяуда кәсіпкерлер көрме уақытын ұзарту бойынша үндеу жариялаған еді. Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы баспасөз қызметі көрмені 1 қарашаға дейін ұзартуды сұраған астаналық кәсіпкерлердің үндеухатына жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Еске сала кетсек, кеше туристік операторлар «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтен халықаралық көрмені 1 қарашаға дейін созуды сұраған еді. Ашық хат авторларының айтуынша, туроператорлар мен турбірлестіктер үшін тұңғыш рет туризмнен пайда табу мүмкіндігі туған. «Біз оларды жақсы түсінеміз, ЭКСПО кезінде олар өте қомақты табыс табуда. Көрме басталған сәттен бері Астанаға 1 миллион 772 мың 489 турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,5 есеге көп. Кеше бастамашыл топ өкілдерімен кездесіп, уәждерін тыңдадық. Әрине, олар үшін қуаныштымыз, ЭКСПО-ның басты міндеттерінің бірі туризмді дамыту еді. Дегенмен, ЭКСПО халықаралық көрмелер бюросының регламентіне сәйкес, 3 ай ғана жұмыс істейді. Бұл - кәсіпкерлердің ұсынысын қабылдай алмауымыздың басты себебі. Оның үстіне Көрменің халықаралық қатысушыларының бюджеті есептеулі, көрмені ұзарту оларға да оңайға соқпасы анық», - деді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов. Сонымен бірге, Қоғаммен байланыс департаментінің басшысы көрме аяқталған соң да ЭКСПО-ның бірқатар ғимараттарының өз жұмысын жалғастыратынын хабарлады. «Көрменің басты ғимараты - Нұр Әлем павильоны туристік нысан ретінде қалдырылады. Ол Болашақтың музейі деп аталатын болады және тұрақты негізде жұмыс істейді. Арт орталық пен Үздік тәжірибелер аймағы да қала береді. Екі айда бұл павильондарға 120 мыңнан астам адам келген. Конгресс орталық пен Энергия Холл да жұмыс істей береді», - деп өз сөзін түйіндеді С.Куянов.