Жаңалықтар

Мұғалімнің соққысынан оқушы жабық ми жарақатын алған

ашық дереккөзі

Мұғалімнің соққысынан оқушы жабық ми жарақатын алған

Қызылорда қаласының тұрғыны Ұлтуған Нәкиева баласының басынан сақинамен ұрғаны үшін Төретам кентіндегі мектептердің бірінде қызмет ететін мұғалімнің үстінен шағым түсірді. Бұл туралы «31-арна» хабарлады. Ананың айтуынша, оның үшінші сынып оқушысы басынан ауыр соққы алған. Денсаулығына зақым келген бүлдіршін қазір ауруханада жатыр екен. Диагнозы – жабық ми жарақаты. Бір аптадан бері аурухана төсегіне таңылған сегіз жастағы Заңғар жазықсыз жапа шеккенін айтады. «Әткеншекке таласып, төбелесіп жатқан қыздарды ажыратқым келген. Бірақ бірінің анасы келіп, сақинасымен басымнан ұра бастады», – дейді ол. Бүлдіршін қатты соқыдан есінен танып қалған. Қазір төсектен тұрса басы айналып, жатқысы келе береді екен. Енді Заңғардың анасы әділеттілік іздеп, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүр. Баласын аямай соққыға жыққан бастауыш сынып мұғалімі екенін білгенде сенер-сенбесін білмеген. Төретам ауылындағы №80 мектепте сегіз жылдан бері қызмет етіп келе жатқан ұстаз бүгінде бала күтімімен үйінде отыр екен. Ал Қызылордаға Байқоңырдан қыдырып келген көрінеді. Ұлтуған Нәкиева мұғалімнің тиісті жазасын алғанын қалайды. Қазіргі күні Қызылорда ішкі істер басқармасының мамандары аталған іске қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Егер Заңғардың жарақаттары орташа немесе ауыр санатты деп танылатын болса, қылмыстық іс қозғалады.