Сырым батырдың үзеңгісі делінген жәдігер табылды
Сырым батырдың үзеңгісі делінген жәдігер табылды
Сырым батырдың үзеңгісі делінген көне жәдігер табылды. Бұл туралы Орал қаласында тұратын белгілі өлкетанушы, Қазақстанның құрметті журналисі Қайыржан Хасанов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, күміс үзеңгіні осы кезге дейін қазіргі таңда Алматы қаласында тұратын Қайыпберген Дүйсенов сақтап келген. Ол Қарақалпақстанда дүниеге келген, қазақ. Өзінің сөзіне қарағанда, көне бұйымдарды жинаумен айналысқан. Бірде ол өзбек кейуанадан күміс үзеңгіні сатып алған. Кейуана оны «Ғайып атанікі» деген. Бұл тарихи дерекпен сәйкес келеді. Сырым Датұлының (1742-1802) жерленген орнын анықтау мақсатында 2007 жылдың мамыр айында БҚО тарих және археология орталығы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, соның нәтижесінде батырдың бейіті
Өзбекстанның Хорезм облысы Гүрлен ауданы «Ғайып ата» қорымында екені анықталған болатын. Өмірінің соңғы кезеңінде өзбек еліне барған Сырым батырды жергілікті жұрт ғайыптан келген баба, «Ғайып ата» деп атап кеткен. Сондай-ақ дұшпандары оның үзеңгісіне у жағып өлтірген деген әңгіме де бар. Үзеңгімен бірге күміс шақша да сақталған, әйтсе де оның кімдікі екендігі белгісіз. Сырым Датұлы атындағы Сырым аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваның нақтылауынша, Қайыпберген Дүйсенов үзеңгі мен шақшаны сырымдық мұражайға тапсырмақшы. Оған Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған мерейтойлық шараларға шақырту жіберілді. «Үзеңгінің қай ғасырға жататынын сараптама жасап, анықтауға болады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне А.Ойшыбаева.