Жаңалықтар

Талдықорғанда қоқыс өңдейтін зауыт ашылады

ашық дереккөзі

Талдықорғанда қоқыс өңдейтін зауыт ашылады

Талдықорғанда қоқыс өңдейтін зауыт ашылады. Жуырда Талдықорған қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдап, сұрыптап және өңдейтін зауыт ашылады, – деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Жақын арада іске қосылатын зауыт құрылысы өткен жылы басталған. Қатты тұрмыстық қалдықтардан өнім өндіретін өндіріс орыны Талдықорған-Үштөбе бағытындағы тас жолдың бойында орналасқан. Оның жалпы аумағы 3.5 гектар жерді алып жатыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытының құрылысына 1,4 миллиард теңге қаражат бөлінген. Ал өнім өндіру қуаттылығы жылына 100 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда зауытта қоқыс өңдейтін кешеннің түрлі техникалық құрал-жабдықтары толығымен қамтамасыз етілген. Зауыт орналасқан полигон аумағы "ADAL DAMU CAPITAL" ЖШС-ға 10 жылға жалға берілген. Қайта өңдеу бойынша "ADAL DAMU CAPITAL" ЖШС кәсіпорынның қуаттылығы жылына - 100 мың тонна. Зауыт жұмысы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған қоқысты қайта өңдейтін кешенді және қайталама шикізатты өндіруге арналған цехты пайдалана отырып, жұмыс жасайды. Ал екінші кезеңде бойынша қатты тұрмыстық қалдықтардың органикалық фракциясын қайта өңдеу бойынша биогазды кешен құрылысымен қоқысты өңдейді. Мұндағы өндіріс қуаттылығы жылына 18 мың тонна газ. Сонымен қатар зауыттың үшінші кезеңінде органикалық қалдықтардан биогумус өндіруге арналған вермифабрика құрылысы жұмыс істейтін болады.. "Қазір зауыт өз жұмысын бастауға дайын. Барлық техника жұмылдырылған. Құрылғылар қағаз, полиэтилен бөтелкелерін және қоқыс қалдықтарын жік-жігімен топтастырып шығарады. Басқалары өңдеу кәсіпорындарына, ал қалдықтар полигонға жөнелтіледі. Кейін ол қалдықтарды да іске жарататын боламыз. Осыны істің жоғары деңгейде іске асуына көмектескен өңірлік әкімдікке айтар алғысым шексіз. Бірлесе істеген жұмыстың берекесін біз ғана емес, облыс тұрғындары да көретін болады. Қоқыс өңдеу "жасыл экономикаға" көшудің маңызды секторларының бірі. Қазір экологтар қоршаған ортаға барынша көңіл бөліп жатыр. Меніңше, әрбір тұрғын қоршаған ортаның тазалығына бір кісідей атсалысуы керек. Осы мәселені алға тарта отырып, біз осындай зауытты іске қосуды жөн деп санадық. Зауыт іске қосылысымен біз бірден 170 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз. Біздің негізгі құрылғыларымыздың барлығы европалық үлгідегі ең мықты әрі заманауи құрылғылар. Сапасы да жақсы. Алдағы уақытта әлем бойынша озық үлгідегі жаңа технологиялардың желісімен жабдықталған техникаларды алатын боламыз", - дейді "ADAL DAMU CAPITAL" ЖШС басшысы Ерлан Дүйсебаев. Бүгінгі таңда зауытта отызға жуық адам жұмыс істейді. Заманауи құрылғылардың тілін олар қазірдің өзінде меңгеріп алған. Болашақта нәтижелі жұмыс істеуге дайын жұмысшылар жұмысқа орналасқанына шексіз риза. Жайдарман жаңалықтан құлағдар болған жетісулықтардың қуанышында шек жоқ. Әсіресе, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналған тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жұмысының күн сайын жанданып, дамып келе жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды. Ал жаңа зауыт облыстағы жұмыссыздық деңгейінің сәл де болса азаюына үлес қосатынын ерекше атап өткен жөн.