Премьер-министр жаңа оқу жылына дайындықты жылдамдатуды тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің баяндамасын тыңдап, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дайындық жаман емес. Бірақ күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарының аяқталмағанын көріп отырмыз, кей өңірлерде балаларды тасымалдау, оқулықпен және ыстық тамақпен қамту мәселесі толық шешілмеген. Сондықтан құрметті әкімдер, аталған мәселелерді 1 қыркүйекке дейін шешуді сұраймын», – деді Премьер-Министр бүгінгі Үкімет отырысы барысында.

Е.Сағадиевтің айтуынша, биыл бірінші сыныпқа 380 мың бала барады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10,5 мыңға артық. 1 қыркүйекке қарай, 35 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Еліміздің 300 мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды және 410 мектепте – ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Барлық жұмыстар 25 тамызға дейін аяқталады.

 

 

Back to top button