Жаңалықтар

Түркия қазақстандық студенттерге 500 грант бөлді

ашық дереккөзі

Түркия қазақстандық студенттерге 500 грант бөлді

Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті мемлекеттен тыс 500 білім беру грантына сайыс жариялады, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігі. Жаңа оқу жылында Түркия қазақстандық студенттерге 500 білім беру грантын бөледі. Гранттар Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде тегін білім алуға мүмкіндік береді. Түрік гранттарын жеңіп алғандар Foundation бағдарламасы бойынша дайындық курстарында 1 жыл тегін білім ала алады. Бағдарламаны үздік тәмамдап, емтихандарды сәтті тапсырған студенттер Түркия Республикасының грант ережелеріне сәйкес 1 курсқа қабылданады. Сайыс ҚР Білім және ғылым министрлігінің жүйесімен таңдалған мамандықтың сәйкес пәні бойынша өтеді. Бұл университет халықаралық деңгейдегі білім ордасы болып қана қоймай, академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша білім және ғылым алмасудың орталығы болып есептеледі. Жыл сайын 400-ден астам студенттер Түркия мен Еуропа елдерінде білім алу мүмкіндігіне иеленеді. Университет бакалавриат пен магистратура бағдарламаларын арттыруды көздеп отыр. Соған қоса білім беру жүйесін жетілдіріп, материалды-техникалық база мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ниетті. Қазіргі таңда мұнда әлемнің 17 елінің студенттері білім алады. Университет түлектері ірі медиахолдингтер мен Қазақстанның түрлі ұйымдарында басшылық қызметтерін атқарып келеді. «Біз Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алуға шақырамыз. Түркияның гранттар сайысына өтінімдер тамыздың 10-ы мен 15-і аралығында қабылданады», - делінген хабарламада.