Жаңалықтар

Қырғызстанмен шекарадағы қақтығысты тергеп жатыр

ашық дереккөзі

Қырғызстанмен шекарадағы қақтығысты тергеп жатыр

Қырғызстанмен шекарадағы қақтығысты тергеп жатыр. Қазақстанның Жамбыл облысында, Қырғызстанмен арадағы мемлекеттік шекара бойында сенбінің кешінде қазақстандық шекарашылар "шекара бұзып, бұйрыққа бағынбай, қарсылық көрсеткен" топқа оқ атып, салдарынан бір адам қаза болған. Бұл туралы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tengrinews агенттігі хабарлады. Оқиға тамыздың 12-і күні жергілікті уақытпен сағат 20:00 шамасында болған. ҰҚК-нің хабарлауынша, шекара қызметінің "Оңтүстік" аймақтық басқармасының Тараз шекара тобының шекара қызметкерлері мемлекеттік шекараның арнайы белдеуінен жол жасап заңсыз өтпек болған адамдар тобын байқап қалған. "Олар құқық бұзуды тоқтату туралы шекарашылардың заңды талабына бағынбай, түрлі құралдар пайдаланып, шекара жасағына қарсылық танытып, қол жұмсаған. Шекарашылар әртүрлі жарақат алған. Әскери қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтап қалу мақсатында шекарашылар тобының аға қызметкері әуелі аспанға ескерте оқ атып, құқық бұзушылар оған бағынбағаннан кейін шабуылшыларға қарсы қару қолданған (екі рет оқ атқан)", - делінген ҰҚК баспасөз қызметінің хабарламасында. Ресми ақпаратта шабуылдаушылардың бірі оқтан жарақат алғаны, қалғандары оны өздерімен бірге алып, Қазақстан аумағындағы елді мекендердің біріне қарай із жасырғаны айтылған. "Кейін мәлім болғанындай, жараланған адам қаза болған", - деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі. "Шекара бұзу" оқиғасына қатысы бар күдіктілердің іздестіріліп жатқаны туралы хабарланды.