Салық төлейтін «қызыл» және «жасыл» топ…

Қазақстанда адал салық төлеушілердің мүддесін қорғау мақсатында салықтық әкімшіліктендіруді оңтайландыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Әкімшіліктендіруде қателіктерге жол берілмеуі тиіс. Салықты төлеуге көмектесу үшін тексерістердің бір бөлігін аутсорсингке беріп, бизнесті бизнестің тексергеніне жағдай жасалуымыз керек. Қалған салықтық тексерулер үш бағытта жүргізіледі. Адал салық төлеушілерді тексермей, орташа салық төлеушілер тобын ішінара, ал «қызыл» топқа түскендер толық тексеруге алынуы тиіс. Кімнің қай бөлікке жататындығының нақты ережелерін белгілеу қажет. Сонда бизнесмен «жасыл» аймақтан көрінуге ұмтылатын болады», – дейді ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов жаңа Салық кодексі жобасының таныстырылымында.

Электрондық шот-фактураларды тапсырып, салалық жүктемелерден төмен емес салық төлеп, өз міндеттерін адал атқарған салық төлеушілер «жасыл» топқа енеді.

«Түзетулердің арқасында, салықтық тексерулер мен оның айналасындағы дау-дамайлар саны азаяды деп ойлаймыз. Әрбір салық төлеуші қауіптің қай деңгейінде тұрғанын, өз деңгейін көтеру үшін не істеу қажеттігін, бұдан қандай пайда көретінін біле алады. Мәселен, егер салық төлеуші қауіптің төмен деңгейінде тұрса, салық төлеу мерзімін кейінге қалдыра алады, айыппұлдары төмендейді және оның есепшотына тыйым салынбайды және өзге де артықшылықтарға ие болады», – деді журналистер сұрағына жауап берген бірінші вице-министр.

Back to top button