Өрт оқиғалары бәсеңсімей тұр

Өрт оқиғалары бәсеңсімей тұр

Өрт оқиғалары бәсеңсімей тұр
ашық дереккөзі
Ақжайық ауданында өрт оқиғалары көбейіп тұр. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында аудан әкімі Әділ Жоламанов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. Оның айтуынша, жұма күні Қазталов ауданының Талдықұдық елді мекені жағынан шыққан өрт кеше таңда Ақжайықтың Алғабас, Қабыршақты, Жаңабұлақ, Жамбыл ауылдарына жетті. «Желдің күштілігінен және ұйытқи соғуынан өртті бірден сөндіру мүмкін болмады. Кешеден бергі өрттің қалғаны қазіргі уақытта Жамбыл ауылдық округіне қарасты Үштөбе елді мекені тұсында сөндірілуде. Адам, мал және техника шығыны жоқ. «Тілсіз жау» жергілікті тұрғындар мен ерікті өрт сөндірушілер жасақтарының күшімен ауыздықталуда. Бұдан басқа Мерген, Ақжол ауылдық округтерінің аумағындағы бұрын басылған орман өрттері қайтадан жалғасуда. Ол жақта да үш өрт сөндіру машиналары мен орман шаруашылығы мекемелерінің техникалары жұмылдырылды. Жүзге тарта азаматтар тартылды. Өкінішке қарай, шаруа қожалықтарының біраз шөбі жанып кетті. Өртке қарсы іс-қимыл ел азаматтары мен тұрғындары арасында ұйымшылдық пен бірліктің қаншалықты маңызды екендігін тағы бір көрсетті», деді Ә.Жоламанов. Еске сала кетейік, бұдан бұрын 30 шілде күні осы ауданның Базаршолан және Базартөбе ауылдық округтерінде өрт болып, шабындық және жайылымдық жерлер отқа оранған болатын. Ал Қазталов ауданы Талдыапан ауылдық округінде болған өрттен 600-ге жуық уақ жандық жанып кетіп, 1990 жылғы тұрғын көз жұмды. Өрт оқиғалары басқа да аудандарда орын алуда. Осыған байланысты Ақжайық, Қазталов аудандары мен Бөкей ордасының Сайқын ауылдық округінде төтенше жағдай жарияланған еді.