Қазақстандық жүргізуші Қытайда қамауға алынды

Қазақстандық жүргізуші Қытайда қамауға алынды

Қазақстандық жүргізуші Қытайда қамауға алынды
ашық дереккөзі
Жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейтін Семей қаласының тұрғыны Евгений Мироновқа Қытайдың шекарасында кісен салынды. Оның көлігінен пневматикалық қарудың екі қорап оғы шыққан, деп хабарлайды altaynews.kz. Жүк таситын жүргізуші қазір Қытайда елде қамауда жатыр. Қытай шекарашылары көлікті тексеру барысында, ұсақ-түйек заттар салатын қалтадан ішінде 715 оғы бар екі қорапты тауып алды. Көрші елдің арнайы қызмет өкілдері жерлесімізді тұтқындағалы бір айдан астам уақыт өтіпті. Сотты күтіп, Шәуешек қаласындағы уақытша тергеу изоляторында жатқан 42 жастағы қазақстандық жүргізуші 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жұбайының айтуынша, қазір Евгений Мироновпен ешқандай байланыс жоқ. «Консул кездесіп, сөйлескен екен, денсаулығы жақсы, бәрі дұрыс дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Күйеуім оқты бақшадағы қарғаларды үркіту үшін Қазақстанда сатып алған. Бізде оны сатып алуға ешқандай рұқсаттың керегі жоқ. Ол көбінесе Ресейден жүк таситын,ойламаған жерден Қытайға баратын болып қалды да, көліктің ішінде жатқан оқты ұмытып кеткен», - дейді жүргізушінің жұбайы Елена Миронова. Шекарадан оқ-дәрілерді алып өтті деп айыпталған Евгений Мироновтың соты тамыздың ішіне белгіленген екен. Мироновтар отбасы бірден еліміздің сыртқы істер министрлігіне хабарласыпты. Әзірге, аталған істің анық-қанығы зерттеліп жатыр.