Жаңалықтар

Қазақстандық биатлоншы Ресейдің намысын қорғайды

ашық дереккөзі

Қазақстандық биатлоншы Ресейдің намысын қорғайды

18 жастағы қазақстандық биатлоншы Арина Пантова жаңа маусымнан бастап Ресей құрамасының намысын қорғайды, - деп хабарлайды Vesti.kz. Пантова бұл шешімін Instagram желісінде түсіндірді. Айтуынша, спорттық азаматтығын ауыстыруының басты себебі отбасылық жағдай болыпты - әкесі туған қаласы Павлодардан Түменге көшіп, енді сол жақта бапкерлік қызмет атқарады. "Бұл жағдайдың мән-жайын айту орынсыз болмайтын шығар. Менің басқа елдің атынан өнер көрсетуім ақшаға байланысты емес! Мұның себебін бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіруге болады. Әкемді осында жұмысқа шақырыпты - болды! Мұнда бәсекелестіктің зор болуы қайта жақсы - қызығырақ болады. Ал Қазақстанды әрдайым жақсы көрдім, жақсы көре беремін де! Бұл ел жайлы ешқашан жаман сөйлеген емеспін", - деп жазды Пантова. 2016 жылы Пантова юниорлар арасындағы әлем чемпионатында із қуу жарысынан алтын медаль иеленген еді, ал Жасөспірімдер Олимпиадасында спринттен үшінші келді. Пантова Павлодарда туып-өскен, оның шешесі Виктория бапкер, қызының бірінші ұстазы болған, әкесі Дмитрий Қазақстан құрамасында 1994, 1998, 2002 жылдардағы Олимпиадада жарысқа қатысқан, ағасы Антон 2007 жылдан бері Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп келеді және өткен маусымда Универсиада-2017 және Азиада-2017 жарыстарында күміс медаль иеленген.