«Қорғастағы» адам өліміне қатысты іс 22 тамызда қаралады
«Қорғастағы» адам өліміне қатысты іс 22 тамызда қаралады
Сот «Қорғастағы» адам өліміне қатысты істі 22 тамызда қарайды. «Қорғастағы» адам өліміне қатысты істің басты сот отырысы 22 тамызға белгіленді. Процесс сағат 11-00 де Талдықорған қаласындағы Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл маусымның төртінде болған қанды оқиғаға байланысты Панфилов ауданының тұрғыны Д. Кәріпжанов айыпталып отыр. 22 жастағы күдікті ҚР ҚК 99-бабы бірінші тармағы, яғни «Адам өлтіру» фактісі бойынша айыпталуда. Ол өзінің танысы Қ. Төлегеновпен өзара сөзге келіспей, оның кеуде тұсына пышақ сұғып алған. 25 жастағы азамат алған жарақатынан кейін Жаркенттегі ауруханаға жетпестен көз жұмды. Естеріңізге сала кетейік, қанды оқиға Алматы облысындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығының аумағында болды. Адам өлтіру оқиғасы бейнебақылау камерасына түсіп қалған болатын.