"Айтуға оңай" аяқталды
"Айтуға оңай" аяқталды
«Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай» ток-шоуы аяқталды. Бұл жайында ток-шоудың жүргізушісі Бейсен Құранбек Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.
«Иә, «Айтуға оңай» аяқталды. Тамыздың соңына дейін қайталаулар беріледі. Сонымен бітті…
Бес жылдың ішінде қоғамдағы қордаланған проблемалар, қиюы кетіп тұрған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер, талайлы тағдырлар туралы айтудай-ақ айттық. Жәй ғана айтып қоймай, қолдан келгенше сүрінгенге-сүйеу, жығылғанға – жастық болдық.
Осылай жалғастыра берсек те болатын еді. Қалыптасқан, елдің көңілінен орын тапқан бренд, форматты ары қарай да қолдана беруге болатын еді. Бірақ әр нәрсенің уақыты бар, әр нәрсенің өлшемі бар. Одан кейін қайталау, ұсақталу, кері кету басталатыны белгілі.
Жеке өзім үшін де бұл шешім оңайға түскен жоқ. Құдай өмір берсе сағынышпен ескен алатын бір кезең артта қалып барады. Мен үшін «Айтуға оңай» үйрену, өсу, қызмет ету мектебі болды. Көп нәрсе жазғым келеді» деп жазды белгілі журналист.
Сонымен қатар ол жобаны қолдаған және шығаруға ат салысқан адамдарға алғыс айтқан және «Ұлттық арнаны» дамытуға үлес қоса беретінін жеткізген. Ал инстаграм желісінде : «Апа-әжелеріңізге айтыңыздар. Тым қатты қапа болмасын. «Айтуға оңайдың» орнына «Қаракет» деген қатқан хабар жасаймыз»,-делінген.