Алматыда Индустриялдық аймақта 13 жаңа өнеркәсіп өндірісі іске қосылады
Алматыда Индустриялдық аймақта 13 жаңа өнеркәсіп өндірісі іске қосылады
Алматыда Индустриялдық аймақ аумағында 13 жаңа өнеркәсіп өндірісі құрылысын жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдікке сілтеме жасап.
2019 жылға дейін балмұздақ өндірісі фабрикасы, ет өңдеу кешені, мұнай өнеркәсібі үшін қағаз ыдыстар, құбырлар шығаратын зауыттар ашылады. Бұл туралы Алатау ауданында «Индустриялдық аймақ және өнеркәсіп» тақырыбында өткен Инвестициялық форумда Алматы қаласының Индустриалдық аймағы» (ИА) ЖШС бас директоры Әділ Бөрлібаев хабарлады. Оның айтуынша, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар, қазіргі уақытта, коммуналдық қызметтерді төлеу арқылы мемлекеттің инфрақұрылым құрылысына салған қаражаттарын қайтаруда. Сондай-ақ, Бөрлібаев инвесторларға бос жер барын пайдаланып, өндірістерін Индустриялды аймақта орналастыруға шақырды. Көзделген 275,6 га бос жер телімінің 75 га-сы өндіріс құрылысын салуға арналған. Спикер индустриалдық аймақта өндірісті орналастырған жағдайда шығындар түпкілікті азаятынын айтты. «Жер телімін жалға берудің мөлшерлемесі жылына бір шаршы метр үшін бар-жоғы 42 теңгені құрайды. Сондай-ақ, Алматы қаласының орталығына тікелей жақын орналасқан жер телімінің болуы артықшылық болып табылады. Қазақстанның ең ірі қаласы - бұл еліміздің барлық өңірлерін байланыстыратын әрі өтім нарығы, әрі логистикалық орталық», - деді ол. Сонымен бірге, форум барысында Алатау ауданы әкімінің орынбасары Қайыржан Жақсымбетов ауданның инвестициялық әлеуеті туралы айтып берді, Оның айтуынша, аудан құрылғалы бері бюджеттен 300 млрд теңгеден астам ақша бөлінді. «Аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9 жылдың ішінде 3 миллиард теңгеден 100 миллиард теңгеге дейін өсті. Ауданның тауар айналымы 889 миллион теңгеден 772 миллиард теңгеге дейін артты. Инвест ахуалды жақсарту бойынша басты міндеттердің бірі шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді төмендету болып табылады. Бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылып жатыр», - деді ол. «Индустрияландыру картасы» бағдарламасының шеңберінде Алатау ауданында 25 жоба іске асырылуда. оның 24-інде шамамен 5000 жаңа жұмыс орны ашылады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша құны 619 млн теңге болатын 9 жоба мемлекет қолдауына ие болды.