Жаңалықтар

Берелде дала амазонкалары жерленген

ашық дереккөзі

Берелде дала амазонкалары жерленген

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Берел жазығында профессор Зейнолла Самашев бастаған ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан №5 қорғанға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Зейнолла Самашев жақында ғана №5 ескі қорғаннан ІІІ ғасырдың басы - ІV ғасырдың аяғында өмір сүрген болуы ықтимал ақсүйек әйелдің тоны, белбеуі және әбзелдерімен бірге екі аттың қалдықтары табылғандығын айтты. Зейнолла Самашевпен бірге 7 метрлік қорғанға түсіп, онда табылған ежелгі жәдігерлермен жан-жақты танысты. «Жерленген әйел қабірінде қанжар табылды. Бұл әйелдің жауынгер болғанын дәлелдейді. Ежелде әйелдер ерлерімен бірге жауға шапқан. Олар жауынгер, дала амазонкалары болған. Оған мысалдар жетерлік. Ұзаққа бармай-ақ тарихта өзінің орны бар, осы аумақта мекендеген Тұмар ханшайымды алуға болады. Бір-біріне жақын жатқан қорғандарда жауынгер әйелдердің жерленуі кездейсоқтық емес. Алтын ғасырда өмір сүрген әйелдер ерлерімен тең құқылы болып, маңызды шешімдерде олардың дауысы есепке алынған», - деді Даниал Ахметов. Өткен жылы Берел жазығындағы № 2 қорғаннан өз заманында өте ықпалды тұлға болған адамның мүрдесі мен алтынмен апталған 7 ат табылған болатын. Айта кетейік, Берелде сақ патшаларының 100-ден астам қорғаны шоғырланған. 1998 жылдан бастап бұл жерде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде кешегі тасқа қалаған тарих бүгінгі ұлттық тарихымызға мол мұра болып қосылып жатыр.