5 күнде автобус жүргізушілеріне 700 000 теңге айыппұл салынды

Алматыда 5 күнде автобус жүргізушілеріне 700 000 теңге айыппұл салынды. Алматыда «Оңай» электронды билеттендіру жүйесінің сараланған тарифі енгізілгелі бері 144 автобус жүргізушісіне айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кету керек, «Алматы көлік холдингі» мен қалалық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының, көліктік бақылау инспекциясының өкілдері күн сайын рейдке шығып жүр. Тексеру жұмыстарының арқасында 66 жүргізушінің жолаушыларды билетсіз тасымалдағандығы анықталды. 78 жағдайда жүргізушілер аялдамаға тоқтамай өтіп кеткен. Билетсіз адам тасымалдаған жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сараланған тариф енгізілгелі бері 186 жолаушыға 800 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. «Біз рейд барысында анықталған мәліметтерді көре отырып тасымалдаушы кәсіпорындар жүргізушілердің қандай заңбұзушылықтар жасайтындығын көріп, білді деген сенімдеміз. Олардың әрекетінен жолаушылар жапа шегеді. Жолақысын төлесе де билет талап етпей, сол үшін айыппұл төлеп жатқандар бар», – деді «Алматы көлік холдингі» ЖШС директоры Садир Хамраев. Рейд жұмыстары биыл желтоқсан айына дейін жалғасатын болады. Көбінесе, ірі автобекеттер, адам көп шоғырланған жерлер тексеріледі.

Back to top button