Ауғанстанда "Талибан" кепілге алған 235 адам босатылды
Ауғанстанда "Талибан" кепілге алған 235 адам босатылды
Ауғанстан билігі "Талибан" қозғалысы елдің солтүстігіндегі шалғайдағы елді мекенде кепілдегі 235 адамды босатты. 8 тамызда "Талибан" мұнда 50 бейбіт тұрғынды өлтіргені хабарланған. "Талибан" кісі өлтіру мен кепілге адам алуды "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының содырларымен бірлесіп жасаған. Екі ұйымның бірге әрекет етуі сирек болады.
"8 тамыз күні кешке жергілікті ақсақалдар мен уәлаят басшыларының араласуымен Мирза Оланнан 235 адам, оның ішінде балалар мен әйелдер босатылды" деп хабарлады France Press агенттігіне Сари-Пул уәлаятының ресми өкілі Забиулла Амани. Оның сөзінше, кепілдегілер Сари-Пул қаласына аман-есен жеткізілген. Кепілде енді қанша адама қалғаны әзірге белгісіз.
Арнайы қызметтегі дереккөз агенттікке Мирза Оланда кепілде 100 шақты адам отырғанын хабарлаған. Бұл елді мекен содырлар өткен аптаның соңында басып алған Сари-Пул ауданында орналасқан.
Жергілікті шенеуніктердің ақпараты бойынша, "Талибан" мен ИМ содырлары 5 тамызда негізінен шииттер тұратын елді мекенде 50-ге тарта ер, әйел және баланы өлтірген. Қанды қырғын содырлар мен үкіметті қолдайтын жергілікті жасақтар арасындағы екі күндік ұрыстан кейін болған. Қақтығыстан соң 150 отбасы тұтқынға түскен.