Samsung басшысы 12 жылға сотталуы мүмкін

Samsung басшысы 12 жылға сотталуы мүмкін

Samsung басшысы 12 жылға сотталуы мүмкін
ашық дереккөзі
Оңтүстік Кореяның прокуратурасы Samsung Group компаниясының басшысы Ли Чжэ Ёнді 12 жылға соттауды талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Reuters»-ке сілтеме жасап. Тергеу органдарының пайымынша, миллиардер Чжэ Ён Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Пак Кын Хенің құрбысы Цой Сун Сильге қаржылық қолдау көрсетіп келген. Ақысына Samsung басшысы өз бизнесін одан әрі дөңгелету үшін билік тарапынан жеңілдіктер алып отырған. Мәлім етілгендей, ол Цой Сун Сильге жалпы алғанда 38,3 млн доллар берген. Сондай-ақ прокуратура жемқорлық схемасына қатысқан Samsung-тің тағы үш топ-менеджерін 10 жылға соттауды талап етуде. Бизнесмен болса тағылған айыптармен толығымен келіспей отыр. Ол соңғы сөзінде компания үшін немесе жеке өз басына экс-президенттен қандай да бір артықшылықтарды еш уақытта сұрамағанын айтты. Сот соңғы шешімді 27 тамыз күні шығаратыны күтілуде. Чже Ён ағымдағы жылдың ақпан айынан бері қамауда отыр. Ли Чже Ённің ісі Оңтүстік Кореяның экс-президенті Пак Кын Хенің айналасында туындаған дау-дамайға байланысты тергеулер сериясының бір бөлігі. 2016 жылдың күзінде Пак Кын Хеге ірі жемқорлық істеріне қатысы бар деген айып тағылған болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, оған жақын құрбысы Цой Сун Силь көмектесіп келген. Бұл, 2016 жылдың соңында Пак Кын Хеге импичменттің жариялануына алып келді. 2017 жылдың наурыз айында Оңтүстік Кореяның конституциялық соты оны биліктен алыстату туралы шешім қабылдады. 9 мамыр күні елде жаңа президент сайлауы өтті. Оңтүстік Кореяның жаңа басшысы Мун Чжэ Ин болды.