National Geographic Астана туралы фильм түсірді

National Geographic Астана туралы фильм түсірді

National Geographic Астана туралы фильм түсірді
ашық дереккөзі
Әлемге танымал National Geographic телеарнасы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің басты нысаны - «Нұр Әлем» сферасы туралы деректі фильм түсірді. Қала көркінен шабыт алған түсірілім тобы бір ғимараттың ғана емес, ен далада бой көтерген тұтас Астананың қалыптасу тарихын бейнелеуді ұйғарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Фильм «Бурдж-Халифа» (Дубай), Петронас (Куала-Лумпур), Еуротоннель (Ла-Манш бұғазы) сынды әлемнің атақты ғимараттарының құрылыс тарихы көрсетілетін «Мегағимараттар» (Megastructures) деректі сериалының бір эпизоды болып табылады. Онда Қазақстан астанасындағы қолайсыз ауа райы мен күрделі логистикалық, инфрақұрылымдық жағдайларға қарамастан ірі нысандардың, оның ішінде жаңа вокзал мен әуежайдың тұрғызылуы туралы баяндалады және басты назар шыныдан тұрғызылған әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат «Нұр Әлем» сферасына аударылады. National Geographic түсірілім тобы сфераның соңғы шынысы орнатылған тарихи мезетті түсіріп алды. Түсірілім жұмыстарына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, жаңа астананың бой көтеруі туралы баяндап берді. 45 минуттық «Мегағимараттар: Астана - болашақтың қаласы» фильмінің алдын ала көрсетілімі бүгін Астанадағы ЭКСПО-2017 кешенінде өтті. Фильмнің әлемдік тұсаукесері 10 тамыз күні 40-тан астам мемлекетте және 22 тілде ұсынылмақ. «Фильмнің тұсаукесері негізгі National Geographic channel арнасында өтеді және Ұлыбритания, Италия, Испания, Польша, Сингапур, Үндістан секілді барлық Еуразия аумағында екі жыл бойы көрсетіледі. Әзірге көрсетілімнің нақты саны белгісіз», - дейді National Geographic Partners, Еуропа-Африка бөлімінің атқарушы вице-президенті Дебора Армстронг.