Қазақстанда көлік құрастыру көлемі артып келеді
Қазақстанда көлік құрастыру көлемі артып келеді
Қазақстанда көлік құрастыру көлемі артып келеді. Қазақстанның машина жасау саласы бір жылдың ішінде өнім өндіру көлемін 44 пайызға арттырды. Соның басым бөлігі автомобиль құрастыру өндірісіне тиесілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, жарты жылдың ішінде машина жасау кәсіпорындары 409,7 млрд теңгенің өнімін шығарды. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда, аталған көрсеткіш 44 пайызға артық. Осы салада үш облыс жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бірінші орында - Қарағанды облысы. Ол жерде 57,8 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Одан кейін Алматы (50,5 млрд тг, +22,2 пайыз) мен Шығыс Қазақстан облысы (47,3 млрд тг, +31,4 пайыз) келеді. «Қазавтоөнеркәсіп» одағының төрағасы Олег Алферовтің айтуынша, жылдың аяғына дейін отандық автомобильдерді құрастыру көлемі 15 мың машинаға дейін жетуі әбден мүмкін. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға артық болмақ. Жалпы, бүгінде машина жасау саласының барлық сегменттерінде өсім байқалып отыр.