АҚШ Ресейдің дипломаттарды елден шығару шешіміне қыркүйекке дейін жауап береді
АҚШ Ресейдің дипломаттарды елден шығару шешіміне қыркүйекке дейін жауап береді
Вашингтон Мәскеудің америкалық дипломатиялық миссия қызметкерлерін қысқарту туралы шешіміне 1 қыркүйекке дейін жауап дайындайды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон дүйсенбі күні Манилада АСЕАН саммитінде мәлімдеді, деп хабарлады Ассошиэйтед Пресс.
Дегенмен Тиллерсон қарымта әрекеттің қандай болатынын Вашингтон әлі анықтамағанын айтты. АҚШ мемлекеттік хатшысының мәлімдеуінше, Ресей Украинадағы жағдайға қатысты келіссөздер жүргізуге "болмашы дайындығын" көрсеткен, сол себепті Вашингтон Мәскеумен қарым-қатынасын жалғастыра беруге дайын.
Жексенбі күні Манилада АҚШ мемлекеттік хатшысы Ресейдің сыртқы істер министрімен кездесті. Онда Сергей Лавров Тиллерсонға Ресейдің бұл әрекеттері америкалық жаңа санкцияларға жауап болғанын түсіндірген. Лавров Мәскеудің Вашингтонмен диалог орнатуға дайын екенін, бірақ ол үшін АҚШ жанжалдасу әрекетінен бас тартуы керектігін айтқан.
28 шілдеде Ресей сыртқы істер министрлігі америкалық дипломатиялық миссияның Ресейдегі қызметкерлері санын 455 адамға қысқартқанын, сонымен бірге АҚШ елшілігінің қызметкерлеріне Серебряный Бордағы саяжайларды және Мәскеудегі қоймаларды пайдалануға тыйым салғанын жариялады.
Кремль мұны 27 шілдеде АҚШ Конгресі Ресейге қарсы қабылдаған санкцияларға жауап деп түсіндірді.