Жаңалықтар

Назарбаев: Ресейге қатысты батыс санкцияларының Қазақстанға да ықпалы болады

ашық дереккөзі

Назарбаев: Ресейге қатысты батыс санкцияларының Қазақстанға да ықпалы болады

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбі күні еңбек демалысынан шығып, премьер-министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдады, деп хабарлады Ақорда. Жұмыс кездесуінде Назарбаев үкіметке жақсы нәтижеге жету үшін "қызу" жұмыс істеу керектігін ескертті, өйткені Қазақстан экономикасына Батыстың Ресейге қарсы қабылдаған санкциялары әсер етуі мүмкін. "Үкімет қызу жұмыс жүргізіп отыр деп есептеймін. Мен жылды жақсы нәтижелермен қорытындылау үшін бәріңізді ұйымшылдықпен жұмыс істеуге шақырамын. Тәуекелді тұстар да жоқ емес. Энергия тасымалдаушыларымызға, шикізат өнімдеріне деген бағаның өзгерісі. Бәлкім, батыстың Ресейге қатысты санкциялары әсер етер. Осыны ескеру қажет", - деді Назарбаев. Ресейге қарсы жаңа экономикалық санкциялар пакетіне биыл 2 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп қол қойды. Сол күні Қазақстанның айырбас пунктерінде доллар бағамы 343 теңгеге дейін көтерілді.