Жаңалықтар

Қазақстан имамдарына қанша жалақы төленеді

ашық дереккөзі

Қазақстан имамдарына қанша жалақы төленеді

 ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстан имамдарының жалақы мөлшерін жариялады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. «Имамдардың жалақысы тікелей садақа жәшіктеріне түскен қаражатқа байланысты. Қалалық және облыстық мешіттерде имамдардың айлық жалақысы 70 мыңнан 80 мыңға, аудандық мешіттерде - 40 мыңнан 50 мыңға, ауылдық мешіттерде - 20 мыңнан 30 мың теңгеге дейін бекітілген», - деді Н.Ермекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Министрдің айтуынша, аталған жалақы көлемі тұрақты емес. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы имамдардың еңбектері мен мешіттердің қызметкерлеріне төлейтін арнайы қаражатты ресми түрде бөлмейді және бюджетінде бұл мәселе қарастырылмаған. Жергілікті әкімдіктер ҚМДБ өңірлік бөлімдеріне тұрақсыз және жүйесіз түрде көмек көрсетеді. «Мұндай аз әрі тұрақсыз жалақымен имамдар қоғамдық қауіпсіздікке қатысты күнделікті міндеттерін толығымен шеше алмайды. Білікті имамдарды ауылдық мешіттерге тарту қиындық туғызып жатыр. Оның үстіне имамдардың көпшілігі орта біліммен ғана шектелген. Бұл имамдардың аудиториясын кеңейтуге және деструктивті діни ағымның өкілдеріне қарсы тұруға мүмкіндік бермейді. Осындай теріс факторларды деструктивтік діни ағымдардың өкілдері дәстүрлі ислам дінінің беделін әлсіретуге және діндарлар арасында өздерінің ықпалын арттыру үшін тиімді қолданады», - деп толықтырды министр. Министрлік деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта 158 имамның жетіспеушілігі сезіліп отыр. Әсіресе, Ақмола облысында - 40 имам, Оңтүстік Қазақстан облысында - 37 имам және Шығыс Қазақстан облысында -  20 имам қажет.