Әзербайжан әліпбиі мен тілі күнін атап өтуде

Әзербайжан әліпбиі мен тілі күнін атап өтуде

Әзербайжан әліпбиі мен тілі күнін атап өтуде
ашық дереккөзі
 Бүгін Әзербайжанда әзербайжан әліпбиі мен тілі күні кеңінен аталып өтілуде. Бұл жайында ҚазАқпараттың Бакудегі арнаулы тілшісі Бекбау Тайманов хабарлады. Бұл мереке Әзербайжан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 9 тамыз күнгі «Әзербайжан әліпби және әзербайжан тілі күнін бекіту туралы» Жарлығына сәйкес аталып өтіледі.  Ал одан бұрын 2001 жылдың маусымында ел Президентінің  «Мемлекеттік тілді қолдану аясын жетілдіру туралы» Жарлығы жарық көрген болатын. Онда тәуелсіз мемлекеттің белгісі ретіндегі әзербайжан тілінің рөлі мен қызметі аталып өтілген еді. Осыдан кейін латын графикасындағы әзербайжан әліпбиіне біртіндеп көшу басталды.  Есте болса КСРО құрамына кірген елдердің әліпбиі уақыттың ықпалымен бір ғасырдың ішінде бірнеше мәрте өзгеріске ұшыраған болатын. Ондай елдердің қатарында Әзербайжан да бар. 20 ғасырдың ішінде әзербайжан тілінің әліпбиі үш мәрте өзгертілді. Атап айтқанда, 1929 жылға дейін араб графикасы болса, 1929-1939 жылдары араб әліпбиінің орнына латын графикасындағы әзербайжанның жаңа әліпбиі қолданылды. Келесі өзгеріс те ұзақ күттірген жоқ. Он жылға толар-толмас уақытта Әзербайжан кириллицаға көшіп, оны 1939 жылдан 1991 жылға дейін пайдаланды. Тәуелсіздік алғаннан кейін латын графикасына көшу процесі біртіндеп жүргізілді. Бұл әліпби бүгінгі күні де қолданылады. 90-шы жылдардың басынан 2001 жылға дейін республиканың баспа-полиграфиялық жұмыстары екі әліпбиде қатар жүрді. Басылымдардың жартысы латын графикасындағы жаңа әліпбимен, ал екінші жартысы кирилицамен шығып тұрды.   Әзербайжанның бұрынғы Білім министрі Фируддин Джалиловтың айтуынша, 1991 жылы Ыстанбұлда (Түркия) симпозиум өтіп, онда 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиі қабылданған. «Әрине, ол қиын кезең еді. Бірақ, халық та, Парламент те қолдау көрсетті. Техникалық мәселелер де болды. Жаңа оқу жылында барлық оқулықтар латын әліпбиімен басылып шығуы тиіс еді.  Ал ол кезде баспалардың өзі жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталмаған-ды. Бұл психологиялық әрі жеңіл еңсерілетін кедергі. Егер адам жаңа әліпбиді үйренгісі келсе, оған бірнеше сағат уақыт жеткілікті», - деді профессор Фируддин Джалилов.