Астана Египетке қамаудағы қазақстандықтарға қатысты нота жолдады
Астана Египетке қамаудағы қазақстандықтарға қатысты нота жолдады
Египетте ұсталған қазақстандық алты студент жайында ешбір мәлімет жоқ. Осыған байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі оларды ұстау себебін түсіндіруін сұрап нота жолдаған. Бұл жөнінде мекеменің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов хабарлады.
Оның сөздерінше, сыртқы істер министрлігі басшылығымен Египеттің құқық қорғау органдары өкілдері арасындағы келіссөз нәтиже бермеген. Бірақ Қазақстан тарабы студенттерді не үшін қамауға алғанын білуге тырысып жатқан көрінеді.
«Қазақстандық алты азаматтың Каирде хабарсыз кеткеніне 12 күн өтті. Қолда бар мәліметке қарағанда, 20 шілдеге қараған түні олар Египеттің арнайы қызметі тарабынан ұсталған. Біз әлі күнге дейін Египет үкіметі тарабынан ресми мәлімет алған жоқпыз»,- дейді Жайнақов.
Египеттің қауіпсіздік қызметінің алты студентті ұстағаны жөнінде тек 11 шілдеде ғана белгілі болды. Олар Каирге тіл үйрену курсына барып, бірге пәтер жалдап тұрған. 20 шілдеден бері туыстарымен байланысқа шықпаған.