Әйгілі опера әншісі Пласидо Доминго ЭКСПО-ны аралады

Әйгілі опера әншісі Пласидо Доминго ЭКСПО-ны аралады

Әйгілі опера әншісі Пласидо Доминго ЭКСПО-ны аралады
ашық дереккөзі
Әлемге әйгілі опера әншісі Пласидо Доминго ЭКСПО-ны аралады. Дүниежүзіне белгілі опера әншісі Пласидо Доминго Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесіне келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы атақты әншіні және оның отбасы мүшелерін Қазақстанның ұлттық павильоны саналатын «Нұр Әлем» сферасына әкелді. Павильонның бірінші қабатында орналасқан «Қазақстанның қонақжайлылығы» бұрышында қонақтар «Ауыз тию», «Қонақасы», «Қонақкәде», «Ат мінгізіп, шапан жабу», «Сарқыт», «Бел көтерер» сынды қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен таныс болды және танымал әнші павильонның «Тілектер кітабына» өз лебізін жазып қалдырды. «Қандай әсерлі, ғажап және керемет павильон! Бұл тарихтағы ең ұлы Көрмелердің бірі болып қалады! Құттықтаймыз! Доминго әулеті», - деп жазды маэстро. Павильоннан шығарда маэстро және оның немерелері Пласидо мен Альваро өз тілектерін ойлап, павильон субұрқағына тиын лақтырды. Қызметкерлердің айтуынша, бұл жаңа «дәстүрді» келушілердің өздері ойлап тапқан. Тиыннан жиналған қаражаттың барлығы Астана қаласындағы балалар үйлеріне жіберіледі. «Айтарға сөзім жоқ, бәрі керемет. Мен әлемнің түрлі көрмелерінде болған адаммын, онда ән айттым, іс-шаралар ұйымдастырдым. Ал бүгінгі көрме менің жадымда ең әсерлі, ең жарқын сәттердің бірі болып қалады. Себебі, мұнда болашақтың ғылымы салтанат құрған. Өзге ғаламшарға саяхаттағандай, болашаққа саяхат жасағандай сезімде тұрмын. Соңғы рет Астанаға 2009 жылы келіп едім, бұл аралықта көп нәрсе өзгеріпті. Астана шын мәнінде көз тартарлық қалаға айналған.Ал ЭКСПО секілді ауқымды шаралар Астанадай ғажайып қалаға туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді», - деді П.Доминго. Айта кетейік,ЭКСПО-2017 бағдарламасы аясында 24-29 шілде күндері Астанада ҚР Мәдениет және спорт минстрлігінің қолдауымен әлемдегі ең беделді «Опералия Пласидо Доминго» опера байқауы өтті. «Опералияның» жиырма бесінші маусымына әлемнің 17 елінің дарынды 40 жас вокалистері қатысты, онда біздің отандасымыз, «Астана Опера» әншісі және көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Мария Мудряк жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.