Жаңалықтар

Ақсуатта өткен халықаралық айтыс

ашық дереккөзі

Ақсуатта өткен халықаралық айтыс

Ақсуатта халықаралық айтыс өтті. Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылында дүркіреген айтыс өтті. «Туған жерге туыңды тік» тақырыбындағы жыр додасына Ринат Зайытов, Жансая Мусина, Рүстем Қайыртайұлы, Қуаныш Шарманов, Қалижан Білдәшов, Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатаев, Әсем Ереже, Мақсат Ақанов, Шұғайып Сезімхан, Төлеген Жаманов сынды еліміздің ақындарынан бөлек Моңғолия (Ерлан Дәулетұлы) мен Қытай (Жарқынбек Бердібекұлы) мемлекетінен де айтыскерлер қатысты. Халықаралық айтыстың ашылу салтанатында сөз алған Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев дүлдүл ақындардың басын қосқан сөз сайысының Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында ұйымдастырылғанын, бұл шараны осы өңірдің тумалары Тастекеевтер әулетінің қаржыландырғанын айтты. Жүрсін Ерман жүргізген жыр додасында ақындар туған жер, өскен елге құрмет, ұлттық дәстүрлерімізді ұлықтау, өткенімізді ұмытпау сынды өзекті тақырыптарды жан-жақты қаузап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ұзын саны 12 ақын қатысқан өнер бәсекесінде Ақсуаттың тумасы Рүстем Қайыртайұлы бабында екенін байқатып, бас жүлдені (2 млн теңге) қанжығаға байлады. Бірінші орынды Ринат Зайытов (1 млн теңге), екінші орынды Жансая Мусина (750 000 теңге), үшінші орынды Қытайдан келген қандасымыз Жарқынбек Бердібекұлы (500 000 теңге) еншіледі. Мұхтар Ниязов және Аспанбек Шұғатаев 300 000 теңгенің арнайы сыйлығына ие болды. Бұл айтыстың өзге айтыстардан бір ерекшелігі сол, екі ақын Қалижан Білдəш пен Шұғайып Сезімxанға 100 000 теңгеден бір жылдық стипендия тағайындалды.