ЭКСПО-да Габон елінің ұлттық күні аталып өтті
ЭКСПО-да Габон елінің ұлттық күні аталып өтті
ЭКСПО қалашығында Габонның ұлттық күні аталып өтті деп хабарлайды 24.kz.
Көрме аумағында өткен мәдени шараға осы елдің Энергетика министрлігі бас директорының орынбасары қатысты. Мәртебелі мейман қазақстандықтарды ЭКСПО-ның ашылуымен құттықтап, оған қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғысын айтты. Ұлттық күн аясында Орталық Африка мемлекеті халық әндерін орындап, жұртты қайран қалдырды. Бүгінде Габонда жасыл энергетика қарқынды дамып келеді. Мұндағы баламалы энергия көздерінің үлесі 2010 жылы 40 пайызға жетті. Ал 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін арттыру жоспарда бар. Мұндай жетістікке кәрі құрлықтағы мемлекет гидроэнергетиканың арқасында қол жеткізбек. Бонжан Нан Нгомо, Габон Энергетика министрлігі бас директорының орынбасары: "Габон елінде тау-кен өнеркәсібі, орман шаруашылығы мен туризмнің әлеуеті зор. Яғни бізде мұнайсыз экономика қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған. Біздің жобалар ресурстардың баламалы түрлерін іздеп, көмірқышқыл газының бөлінуін азайтуға бағытталған. Осылайша экологиялық таза энергия өндірісіне баса назар аударып отырмыз", - деді.