Путинді әлемдегі ең бай адам деп атады
Путинді әлемдегі ең бай адам деп атады
Британиялық Hermitage Capital инвестициялық қорының жетекшісі Уильям Браудердің пікірінше, "Ресей президенті Владимир Путин - әлемдегі ең бай адам". Қордың есебінше, Путиннің байлығы - 200 миллиард доллар.
Қаржыгер 27 шілдеде АҚШ Сенатының заң комитетіне түсінік берді. Бұл комитет Ресейдің АҚШ-тағы президенттік сайлауға араласуы мүмкін деген фактіні тексеріп жатыр.
Браудердің мәлімдеуінше, "Путин АҚШ-тың Ресей компаниялары мен жеке тұлғаларына салған санкцияларын жойғысы келеді. Осы мақсатта ресейлік заңгер Конгресс мүшелерімен және АҚШ президенті Трамптың кіші ұлымен кездескен".
Hermitage Capital өкілінің пікірінше, Путинге жұмыс істейтін 10 мың адам қамау, азаптау және кісі өлтіру арқылы мүлікті басқарумен айналысады. Олардың барлығына президент жаза қолданбауға кепіл берген. Ал "Магнитский акті" бұған кедергі жасауы мүмкін. Осындай құжаттардың негізінде, Путиннің қарамағындағы көптеген адамдардың есептері құлыпталған.
19 шілдеде "Настоящее время" телеарнасына (Азат Еуропа/Азаттық радиосының жобасы) сұхбат берген Браудердің айтуынша, Путин өзінің досы Сергей Ролдугиннің оффшорлық компаниясы арқылы 230 миллион доллар алғысы келген. Бұл қаражат бюджеттен ұрланғанын кезінде қор заңгері Сергей Магнитский мәлімдеген еді. Ол қамауға алынып, 2009 жылдың қарашасында Мәскеудегі тергеу абақтысында азаптап өлтірілді.