Жаңалықтар

Әлемге әйгілі 12 футболшы қазақстандық жеткіншектерді үйретеді

ашық дереккөзі

Әлемге әйгілі 12 футболшы қазақстандық жеткіншектерді үйретеді

6 тамыз күні «EXPO 2017 Football Cup» сайысы аясында Елордадағы «Астана Арена» стадионында әлемнің үздік футболшылары шеберлік сыныптарын өткізеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Ұйымдастырушылардың бірі Әлия Адамбаеваның айтуынша, шеберлік сабағына Қазақстанның түкпір-түкпірінен футболмен айналысатын 300-ге жуық бала қатысады. Қатысушылардың арасында балалар үйінен де келетіндер бар. «Балаларды «EXPO 2017 Football Cup» сайысына қатысатын әр команданың екі ойыншысы жаттықтырады. Нәтижесінде, желтоқсанда, яғни 6 тамыз күні әлемге танылған 12 футболшы балаларды даярлайды. Әр үйретушінің өзінің міндеті бар: мәселен, олардың бірі допты қалай беру керектігін үйретсе, екіншісі соққы жасау, тағы сол секілді әдістерді үйретеді», - дейді ол. Ұйымдастырушының сөзіне сүйенсек, балалар бір жаттықтырушыдан екіншісіне ауысып тұратын болады. Шеберлік сыныптарында жаттықтыратын футболшылардың тізімі дүйсенбі күні белгілі болмақ. Еске сала кетсек, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 5 тамыз күні елорданың «Астана Арена» стадионында «EXPO 2017 Football Cup» халықаралық футбол турнирі басталады. Елордалық стадионда Қазақстан, Ресей, Италия, Германия, Португалия құрама командалары мен әлем құрамасы ойнайды. Турнирде Дино Баджо, Марко Дельвеккио, Нуну Манише, Жан-Пьер Папен, Роман Широков, Валерий Карпин, Александр Филимонов сынды әлемдік футболдың ардагер жұлдыздары өнер көрсетеді.