Дю Солей және ЭКСПОkids
Дю Солей және ЭКСПОkids
ЭКСПО қалашығына кіру өте ыңғайлы жасалған. Бірнеше кассада әрі түрлі категория бойынша билет сатылады. Осы билеттер бойынша еш кезексіз ішке енесіз. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі балаларға, ересектерге кіру тегін. Егер мүмкіндігі шектеулі бала болса, қасындағы бір адамға тегін билет беріледі. Кіреберістегі қызметшілер келген қонақтарды қарсы алып, сұрағанын түсіндіріп, керек жеріне бағыттап жүр. Көрме аумағының картасы мен сол күнгі бағдарламаны қолыңа ұстатады.
Қай елдің павильоны жақсы деген сұраққа: «Ресей, Корея, Қытай, Катар» деп іркілместен жауап береді. Әлбетте, баратын жерлерді біліп алғаннан кейін көрмені тамашалауға келген халық шетелдік павильондарға асықпайды. Әуелі, шыныдан жасалған шар тәріздес ғимаратқа бас сұғады. Бұл – Нұрлы Әлем. Қазақстанның ұлттық павильоны 8 қабаттан тұрады. EXPO қалашағында орналасқан «Нұрлы әлем» ұлттық павильоны түнде сан құбылып, алуан түске енеді. Халықаралық көрменің бас ғимараты жасыл, қызыл, көк тіпті кемпірқосақ кескінін беріп, EXPO-2017 жазуын бейнелейді.
Ал балаларға арналған ЭКСПОkids қалашығының балалар үшін таптырмас алаң. Мұнда келген балалардың шыққысы жоқ. Ойын алаңдары, аниматор, трансформерлер, шоулар, концерттер, бояу, шар, тоқыма, робот жарыстырудың бәрі бар. Барлығы тегін. Сондықтан балалар қайта айналып барып, ЭКСПО-дан шыққысы келмейді. Қызым екеуміз түске таман кіріп, сағат 8-дегі Дю Солей қойылымы басталғанда бір-ақ шықтық.
Бұдан кейін сол күнгі бағдарлама бойынша балаларға арналған бірнеше шоу, койылымдарды тамашаладық. Ал балаларға арналған ғылыми шоу бірден қызықтыра кетті. Ол «Shell» компаниясының павильонында. Мұнда балаларға арналған ғылыми тәжірибелер жасалып, балалардың өзі де жаса көруіне мүмкіндік жасалған. Ал жел, су, уран, ауа, толқын, көмірден энергия алу қарабайыр, түсінікті тәсілмен барлық жастағы балаға ұсынылған. Жердің бұрын байқамаған рерурстарын қолданудың жүйесін көрсетіпті. Сондай-ақ жас ғалымдардың бой жазып алуы үшін ойын алаңдары, баскетбол бұрышы, судағы баллонды қозғалту сияқты жарыстар ұйымдастырылған.
Негізі теледидардан ЭКСПО-ны көріп отырған халық оның Қазақстанынң абыройын асқақтатқан алып жоба екенін түсінеді. Бірақ көрменің қаншалықты қажеті бар дегенге ден қоя бермейді. ЭКСПО елімізде күнде бола бермейді. Үш айдың өзі де аздық етеді. «Болашақтың энергиясы» деп аталған көрмеде адамзат болашақта қандай ресурстарды пайдаланады деген сұраққа жауап беріледі. Барлық қалалар, өндіріс орындары, технология, тұтынатын тауарлардың барлығы қоршаған ортаға неғұрлым зиянсыз, адамзатқа пайдалы, жер планетасына салмағы түспейтін жобалар. Осының барлығы арнайы декорация, видеороликтер арқылы түсіндіріледі.