Жаңалықтар

Қайырымдылық ардың ісі десек те...

ашық дереккөзі

Қайырымдылық ардың ісі десек те...

Заман өзгерді  ме, қоғам өзгерді ме? Асан қайғы мен Майқы би, қазақтың нарқасқа жырауларындай жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның, жер мен көктің, адамгершілік пен қатыгездіктің аражігін айырып беретін дала даналары, философтары бар ма бүгін? Егер болса, қандай қасиеттерді насихаттар еді? Мәселен, қайырымдылыққа берілген қаражатты қымқыру – ардан безгеннің ісі. Бірақ бәзбіреулер оны үнемі естен шығарып, әлеуметтік көмекке мұқтаж  жандардың несібесіне ортақтасады. Елімізде қайырымдылық қорлары ғана ізгілікті іспен айналысады деген түсінік қалыптасқан. Негізінде, тәуелсіздік алған кезден бері үкімет әлеуметтік мәселелерді шешуді маңызды мәселелер қатарынан түсірген емес. Соның арқасында мұқтаж жандарға тегін медициналық көмек, санаторийге жолдама, ортопедиялық құралдар беріліп, гигиеналық заттармен қамтамасыз етумен  қатар тұрақты жәрдемақы тағайындалады. Мемлекеттік ауруханаларда емделу мен ота жасау да халықтың аз қорғалған бөлігіне айтарлықтай көмек. Әлеуметтік көмекті жылдан жылға жақсарту мәселесі де оң шешімін табуда. Елбасы айқындап берген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бір тарауы әлеуметтік көмекті жетілдіруге арналды. «Мұқтаж тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету жүйесін оңтайландыру жоспарланып отыр. Мұндай көмек табыстары отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайыз төмен отбасыларына көрсетілетін болады. Сонымен бірге көмек алушылар жұмыспен қамтуға ықпал ету және әлеуметтік бейімделу бағдарламаларына міндетті түрде қатысатыны туралы әлеуметтік келісімшарт бекітеді», – деп түйіндейді Елбасы. Әлеуметтік көмек көрсетудің мұндай түрлері мен қағидаттары 2018 жылдан бастап енгізіледі.

Қайырымдылық көрсеткіші жақсарып келеді

Қазір қайырымдылық қорлары көп-ақ. Көп болғаны жақсы. Балаларға, қарттарға, үйсіз-күйсіздерге қаражат жинап, жанын салып жүретіндер бар. 2014 жылы Британдық «Charities Aid Formation» халықаралық ұйымының «Қайырымдылық индексі» бойынша Қазақстан 153 елдің ішінде 101-орынға тұрақтаған. 2015 жылы 56-орыннан көрінсе, былтыр 96-орынға ысырылып қалды. Қазақстанның қайырымдылық көрсеткіші жылдан жылға жақсарып келеді, бірақ біздің елімізді АҚШ-пен салыстыра алмаспыз.  Қазір АҚШ-та 3 мыңға жуық қайырымдылық қоры бар. Құрама штаттарда қайырымдылыққа аударылатын қаражаттың көлемі салыққа тікелей әсер етеді. Шамамен 30-50 пайыз төңірегінде. Бұл дегеніңіз, америкалық компаниялар табысының басым бөлігін қайырымдылыққа жұмсау арқылы соншалықты салық төлеуден босатылады деген сөз. Ал Қазақстанда компаниялар қайырымдылыққа аударатын қаражатының 3 пайызын ғана салық органдары есепке алады. Қазақстанда қайырымдылық жасаудан тартынбайтын ұлттық, трансұлттық компаниялардың қатары аз емес. Жақында қолы ашық, қайырымдылыққа қырын қарамайтын отандық компаниялардың рейтингі жарияланды. Соңғы екі жылдың ішінде «Kaz minerals» пен «Еуразиялық топ» 44 миллиард теңгені қайырымдылыққа жұмсап, алғашқы орындардан көрінді. Үшінші орында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры , ол  2,4 миллиард теңгені әлеуметтік мәселелерге жұмсаған. Мәселен, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры қайырымдылық қорларымен бірлесе отырып «Балаға өмір сыйла», «Аутизмді жеңеміз», «Жетімі жоқ Қазақстан» жобасы арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру аясын кеңейтті. Сондай-ақ, қор Алматы, Теміртау және Астана қалаларындағы үш балалар ауылы мен 7 жастар үйін толық қамтамасыз етеді. Бұл рейтингте «Самұрық-энерго», «Бипэк- авто», «Қазатомпром», «Қазфосфат» сияқты ірі компаниялармен қатар отандық банктер, байланыс операторлары да  бар. Негізінен, ірі қайырымдылық қорлары арқылы аударылған қомақты сома балалар үйіне, жағдайы нашар отбасыларға, соғыс ардагерлері мен зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген.

Қайырымдылықпен айналысатындар тым аз

Елімізде қайырымдылық шаралары трансұлттық компаниялар тарапынан көбірек жасалады екен. Ұлттық компаниялардың үлесі көп емес. Америкалықтардың 90 пайызы қайырымдылықпен айналысса, Қазақстанда тұрғындардың 10 пайызы ғана ізгілікті іспен айналысады. Бұл қоғамның қайырымдылық жасауға дайын еместігін көрсетсе керек. Басқа елдермен салыстырғанда, елімізде қайырымдылық шаралары мүлде аз. Небәрі 200-ге жуық қайырымдылық қоры бар. Олардың көпшілігі халықаралық ұйымдардың гранты есебінен істерін ілгері бастыруда. 2015 жылы Елбасы еліміздегі қайырымдылық қорларына 600 мың доллар аударған болатын. Президент Қытайға сапары барысында тапсырылған «Жібек жолы» сыйлығының қаржысын отандық қайырымдылық қорларына бөліп:  «Бұл қаражат, әрине, барлық түйткілді шешпейді. Бірақ оның берілуі біздің қоғамды қайырымдылыққа көбірек көңіл бөлуге үндейтін белгі болып саналады. Біз наурыз мейрамы қарсаңында кездесіп отырмыз. Бұл мерекенің мәні – бір-бірімізге, әсіресе балаларға көмектесу», – деп ауыр науқасқа ұшыраған балаларға көмек көрсету тәрізді маңызды әлеуметтік бағыттағы жұмысқа баса назар аударатынын ,бұл істе бүкіл қоғамның қолдауы қажет екенін атап өтті. Қолы ашық кәсіпкерлер жоқ емес. Ақтөбе облысында тасқын судан отбасы мен баспанасынан айрылған жылаулы қызға алматылық кәсіпкер үй сыйлады. Оңтүстік Қазақстанда бес баламен жалғыз қалған анаға кәсіпкер үй тұрғызып берді. Жергілікті көпбалалы отбасыларға алматылық кәсіпкерлер әлсін-әлсін баспана сыйлап тұрады. Айта берсең, жомарт жандар қатары аз емес. Бірақ мейірімді жандардың  көбі қалтасы қалың азаматтар ғана. Ал «жомарттың қолын жоқ байлайды» дейтін орта тап өкілдері неге құлықсыз? Мысалы, Ақтөбе облысындағы тасқыннан зардап шеккендерге облыстар өз бетінше киім-кешек, азық-түлік жинады. Кейіннен жіберілген заттардың көпшілігі қоқысқа тасталғаны белгілі болды. Өйткені ескі-құсқы киімдер пайдалануға жарамсыз екен. Қайырымдылық жасау әркімнің өз қалауы, бұл міндет емес. Қалай айтсақ та, қайырымдылықтың өз мәдениеті, дәстүрі бар. Жуырда ауыр дертке шалдыққан Жанеркенің анасы жан ұшырып ақша іздеді. Қытайдағы үш айлық ем қыздың аяғын бастыруы мүмкін, оған 15 мың доллар қаражат керек болған. Редакциямызға хабарласып, халықтан қалай көмек сұрауға болады деп зар иледі. Қолдан келгенше көмектесіп, әлеуметтік желіге жарнама бердік. Ақыр соңында келіншек үш баласын сүйрелеп, қанша жүгірсе де, қажетті соманы жинай алмады. Қазір қызды республика ауруханаларында емдетеді. Жас ананың қызын аяғынан тік тұрғызам деген үміті де үзілгендей... Жүрегі жаралы ана қанша жанталасса да, балапанына қажетті соманы қайырымдылық қорлары да тауып бере алмағаны өкінішті. Оларға да кінә жоқ. Өйткені Жанерке сияқты жүздеген бала кезегін күтіп, тағдырына нала айтуда. Осындайда бір бала болса да қатарға қосып, аяғынан тік тұрғыза алмағанымызға, бәріне енжар, қатыгез қоғамға айналғанымызға қынжыласың. Қайырымдылықтан өрбитін дау да ара-тұра бой көрсетіп қалады.  Мысалы, былтыр Алматыда кішкене қыздың бүйрегін ауыстыру отасын жасау қажет болды. Ата-анасы қайырымдылық қорларына хабарласып, баспасөз беттері арқылы халықтан көмек сұрады. Абырой болғанда, қыздың доноры мен еміне қажетті 12 мың доллар дер кезінде жиналған.  Алайда қызға мемлекеттік портал арқылы тегін ота жасалып, дәрі-дәрмегі де тегін берілді. Донор да өз туыстарынан табыла кетті. Бұл уақытта қор қызметкерлері қаражатты қыздың анасының атына аударып қойса керек. Не керек, арада біраз уақыт өткенде әлгі ақша жинап берген қайырымдылық қоры қызға жұмсалмаған қаражатты кері қайтаруын өтінеді. Екі тарап әділет сұрап, сот алдына дейін барды. Қордың уәжі – қаражатты басқа бір мұқтаж жанға үлестіру, ананың уәжі – қыздың еміне әлде де ақша қажет дейді. Әзірге оқиғаның соңғы нүктесі қойылған жоқ. Бұл істе әділін айтар біз емес, бірақ қайырымдылықтың да даулы мәселеге ұласқаны өкінтеді. Соңғы кездері көшеде қорап ұстап, қайыр сұрап отырғандар көбейе бастады. Жап-жас қыз-жігіттер қораптың сыртына баланың суретін жапсырып, қайырымдылық жасауға шақырып жүргенін көргендер көп. Әсіресе, метро стансаларының маңайында жиі ұшырайды. Мысалы, Жібек жолы стансасына түсер жерде үш-төрт адам дертті баланың суретін мойнына асып, кіреберісте тізіліп тұрады. Қажетті қаражат көп емес, шамамен 1 мың доллардай. Әрине, көшедегінің бәрі мың долларды қалтасына салып жүрген жоқ, бірақ баласы үшін осындай ақша жинамақ болған жанды қалай кінәлайсың? Ал, полицияның мәліметіне сүйенсек, осындай алаяқтар елімізде көбейіп кеткен. Әлеуметтік желіде баланың суретін салып, қаржы салатын шоттарын  тізіп қоятындар да жетерлік. Олардың арасында баланың суретін пайдаланып, өз есепшотына қаржы аудартып алғандар да бар. Былтыр Америкада екі жыл бұрын желшешек шыққан қыздың суретін пайдаланған алаяқтар ұсталды. Бұл суретті қыздың әке-шешесі әлеуметтік желіден кездейсоқ көріп қалса керек. Дереу полицияға хабар беріп, алаяқтарды құрықтады. Осы уақыт аралығында олар 2 миллион доллардай ақша жинап үлгерген екен. Ал петропавлдық отандасымыз ауру баланың атын жамылып, ай сайын ақша алып отырған. Ол әлеуметтік желіде баланың суреттері мен ол туралы видеосюжеттерді орналастырып, астына өзінің реквизиттерін қойып отырған. Осылайша ай сайын кемінде 50 мың теңгеден көмек алып отырған. Қоғамдық орындарда ойыншық сатып жүретіндерде де көбейіп  келеді. Әлгілер өздерін қайырымдылық қорының қызметкерлері деп таныстырады. Осылайша кез келген тауарды екі-үш есе қымбат бағаға сатып, түскен ақша ауру балаларға аударылады деп сендіреді. Мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы алматылық Дина Жанғазиева қоғамға үндеу тастаған болатын. Оның айтуынша, ұлының атын жамылған базбіреулер дәріхананың алдында тұрып, Бостонда жасалатын операцияға ақша жинап жатқандарын ескерткен. Былтыр осындай еріктілерді ұстау операциясы жүргізілген болатын. Айналдырған үш айдың ішінде ақша жинағыш 60 жалған ерікті ұсталды. Алайда олар көшедегі жүргіншілерге жол бермей, кедергі келтіргені үшін ғана әкімшілік жауапқа тартылды. Өйткені жалған қайырымдылықпен айналысқандарды құрықтайтын заң жоқ. Соңғы он жылдың ішінде қайырымдылық көрсеткіші 60 пайызға ұлғайды. Тәуелсіз сарапшылар пікіріне сенсек, қайырымдылық діни мерекелерде көп жасалады. Мәселен, Құрбан айт пен рамазан айында қазақтар қолда барын қайырымдылыққажұмсаудан аянбайды екен.