Өмірге ерекше құштар еді...

Өмірге ерекше құштар еді...

Өмірге ерекше құштар еді...
ашық дереккөзі
Қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосқан танымал публицист, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Жұмабек Кенжалин 63 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бүгінге дейін талай басылымда абыройлы қызмет атқарып, озық ойлы шәкірттер тәрбиелеген Жұмабек Кенжалинді құрмет тұтпайтын адам кемде-кем. «Үлкенге – құрмет, кішіге ізет» көрсетуді өмірлік ұстанымы санайтын білікті басшы әріптестерінің жадында мәңгі қалады. Кенжалин Жұмабек Омарұлы 1954 жылы 30 желтоқсанда Қостанай облысының Амангелді ауданындағы «Жаңа тұрмыс»  колхозында туған. 1971 жылы Арқалық ауданындағы Қайынды орта мектебін бітірген соң, шаруашылықта жұмысшы, электрмен  дәнекерлеуші, кейін орта мектептің мұғалімі болып қызмет атқарды. 1981 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін бітірді. Ол бірқатар Дүниежүзілік және Бүкілодақтық жастар мен студенттердің форумдарына қатысты. 1978 жылы халық депутаттары Алматы қалалық советінің депутаттығына сайланды. 1981 жылы «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газетінде әуелі тілші, кейін бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Зерде» («Білім және еңбек») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы, 1994 жылдан «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы болды. 1996 жылдан «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 1999 жылдан «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры - редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Ол «Желкілдеп өскен құрақтай» (1988ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005ж.), «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010ж.), «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» (2011ж.) деп аталатын кітаптардың авторы. Қазақ журналистикасының дамып, қазақ журналистерінің білімі мен білігін көтеруге де өлшеусіз еңбек сіңірген Жұмабек Кенжалин Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері «Құрмет» орденінің иегері атанды. Қуандық Түменбай, «Үркер» журналының бас редакторы, жазушы:

Тазалығымен сыйлы болатын

– Адамға барлық уақытта болса екен деп тұратын азамат еді. Осыдан он жыл бұрын Мереке Құлкенов екеуміз Мәскеудің «Роман-газетасына» еліктеп, «Үркер» журналын аштық. Кейін заман өзгерді, қоғам, әдебиет өзгерді. «Қазақ газеттеріне» директор болып Жұмабек келді. Сонда Жұмабек: «Сіздің жобаңызды бірге дамытайық. Шамам келгенше көмектесемін» деп бар күшін салды. Сөйтіп, «Үркерді» жастардың мәдени-әдеби журналы ретінде дамыттық. Азамат өмірден өтсе де, оның өмірі өзгермейді. Жұмабек Кенжалин таза жігіт еді. Жасымыз да қатарлас. Ол өз ортасына тазалығымен сіңісті, сыйлы адам. Оны курстастары, қатарластары да айтады. Ал біз қызметте жүріп, сырлас болдық. Өзі білімді. Ғалымдығы да бар. Мінезі тақуа, табиғаты таза жаннан қапияда айрылып қаламыз деп кім ойлаған? Алланың әміріне амал бар ма, бақилық сапарға шығарып салдық. Жатқан жері жайлы болсын...  

Шархан Қазығұл, журналист:

Біз бір-бірімізге қарап өстік

– Қабырғамызды қайыстырып кеткен хабарды есту біз үшін оңай болған жоқ. Енді ғана бейнетінің зейнетін көреді деп отырған досымыздың қазасы жанымызға қатты батты. Дегенмен, «Тозбасты ұста соқпайды, өлместі Құдай жаратпайды», табиғаттың бұлжымайтын қатал заңына еш пенде қарсы тұра алмасы анық. Алланың жазуы солай болса, амал бар ма?! Жұмабекпен бес жыл бірге оқыдық. Сабақтан шыққан соң қалтамызда қалған қарабақырымызды жинастырып, кешкілік тоқашпен жүрек жалғап алып, түн ортасына дейін кітапханада отыратын күндерімізді кездескен сайын еске алушы едік. Бір ғажабы, алыста қалған студенттік жылдар туралы сөз қозғала қалса, баяғы жалғыз «журфакты» әр жылдары бітірген жігіттер бір-бірінен «Осы сен кімдермен бірге оқып едің?» деген «кезекші» сұрақты алмакезек қойып жататыны бар. Мен де осы сұрақ алдымнан көлбеңдеп шыққан сайын ең алдымен Жұмабек Кенжалинмен бірге оқығанымды алға тартатынмын. Мақтанышпен! Ол шын мәнінде біздің курсымыздың нағыз лидері болды. Жүкең – студент кезінен бастап, көзін жұмғанша үнемі тұтқа ұстап кеткен адам. ҚазМУ-дің кәсіподақ комитетінің төрағалығынан бастап қазіргі «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы аралығында ол білдей бес республикалық басылымның бас редакторы болғанын ел жақсы біледі. «Адамды орта қалыптастырады» деген қағида бар. Біз бір-бірімізге қарап өстік. Сол жолда Жұмабектен көп нәрсені үйрендік. Ал енді осыны алабөтен айту парыз. Жылына отыз жеті бала ғана қабылдайтын Қазақстандағы жалғыз факультетке отыз төртінші болып оқуға түсіп, «тәубәмді» аузымнан сағат сайын тастамай жүрген мен сияқтылар ғана емес, сол кезде Жүкеңе елдің бәрі қызығып қарайтын. Бір-екі айдан кейін Жүкең екеуміз сырлас болып кеттік. Жүкеңді тәкаппар жігіт шығар деп ойлайтынмын. Сырт көзге солай көрініп тұратын. Сөйтсем, бәрі бекер болып шықты. Адаммен емін-жарқын араласпасаң, ол адамды толыққанды білу тіпті де мүмкін емес екенін сонда білгендеймін. Алғашқы күннен Жүкең мені туған інісіндей бауырына басты. Аузын ашса, жүрегі көрініп тұрды. Сонысымен баурап алды. Студент кезінде ол сырт қарағанда басқалардан бөлек көрінетін. Өзі жіптіктей жас жігіт болғанымен салмақты екені салған жерден сезілетін. Киім киісі де келісті-ақ. Бойындағы жіп атаулының бәрі аса бір қымбат болмаса да, тал бойына мін жолатпай тұратын. Оқуға да мәттақам болды, лениндік стипендиат атанып жүрді. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын. Қысқасы, жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы данышпан декан Темірбек Қожакеевтің қатаң қалыбына қапысыз құйыла кеткен санаулы ғана студенттің бірі Жұмабек Кенжалин еді. Тіс қаққан тарлан қаламгер ағаларымыздың өзі рабайда пендешілікпен бір армандап қоятыны болмаса, көп журналистің пешенесіне жазыла бермейтін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына төртінші курстан бесінші курсқа енді өткен Жүкең қызметкер болып қабылданып, бізді тағы да бір таң қалдырғаны бар. Жүкеңнің бойындағы тағы бір тамаша қасиет – тұрақтылығы еді. Мен оны қырық жылдан астам уақыт білемін. Алғашқы танысқан жылы Жүкең қалай еді, сол қалпында дүниеден озды. Әрине, Жұмабек досымыздың көз алдымызда қарайып жүргені қашан да көңілге медеу еді. Оның өмірге құштарлығы ерекше білініп тұратын. Өмірдің мәнін де, әнін де енді түпкілікті түсінген шағында оны өлімге қимайтының рас. Жұмабек досымыздың жатқан жері жайлы болсын! Иманы жолдасы болсын! Алды – шырақ болсын, мінгені – пырақ болсын!