Туған жерді түлетем деп шаршау да бір бақыт
Туған жерді түлетем деп шаршау да бір бақыт
«Егемен Қазақстан» газетінде тілші боп жүрген кезімізде облыс әкімі болып жаңадан тағайындалған Кәрім Көкірекбаев жайлы алғашқы мақаламыздың шымылдығын «Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев мерекелік демалыс бес күн екен деп, жайбарақат жатып алған жоқ. «Бай дүйсенбіні» беймарал күтсе, тұлпардайын тықыршыған уақыттың талай істен құр қалдыратыны анық. Сондықтан жаңа жылдың алғашқы сенбісін Қордай ауданын аралаудан бастады» деп түріппіз.
Содан бері, міне, үш жарым жылдың жүзі болды, Кәрекеңде әлі тыным жоқ. Орынбасарлары мен басқарма басшыларын ертіп алып, өндірісті өңірді аралаудан шаршаған емес. Мақсаты біреу – аграрлы өңір атанған облысты индустриалды, өндірісті өңір етсем дейді. Сондықтан аралау – қыдыру емес, қақаған аяз бен қапырық ыстықта қала мен даланы, тау мен тасты шолып, индустриялық-инновациялық бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысу, аудандардағы әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен және осында түтін түтеткен кәсіпкерлер жүзеге асырып жатқан жобалардың беталысы мен бағыт-бағдарын білу деген сөз. Міне, осындай тынымсыз тірлік пен толассыз талаптың арқасында күн электр стансасы дейсіз бе, жел электр стансасы дейміз бе, әлде су электр стансасы дегендеріңіз бар ма, бәрі бүгінде Жамбыл өңірінде тап-тамаша жұмыс істеп тұр. Газ өндіру, алтын өндіру жұмыстары да жолға қойылды. Мұнай өңдеу кәсіпорындары да баршылық. Жамбылдағы цемент зауыттары да ел нарығын бағындыра бастады. Бұрындары қырғыздардың Кант цемент зауытына жәутеңдейтін ел бүгінде Жамбыл облысындағы цемент өнімдерін қуана-қуана пайдаланады. «Жаңатас қаласын жайнатып берем» деп уәделескен «Еурохимыңыз» тағы бар. Шудағы «Тараз» химиялық паркінің де төбесі көріне бастады. Өңір өнеркәсібінің көшбасшысы атанған фосфор зауыты да екпінге екпін қосар сәт туғанын біледі. Жол, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар да облыс көрсеткішін алға сүйреп тұр. Білім, ғылым, денсаулық, мәдениет, әдебиет, руханият және спорт саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар да өз алдына бір төбе. Әсіресе, Жамбыл атындағы облыстық Руханият орталығы бүгінде әдеби, мәдени басқосулардың құтты шаңырағына айналды.
Облыстағы атқарылған игілікті істерге Кәрекең облыс әкімінің бірінші орынбасары боп жүрген кезінде де көп тер төккен, мол үлес қосқан. Ал әкім болған соң бұл жауапкершілік екі есе ұлғая түсті. Сосын бір байқағанымыз, облыс басшысы өңірдегі жағдайды бес саусағындай жақсы біледі. Мысалы, бір кездесуде Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылының тұрғыны ауылында 500 бүлдіршіннің балабақша кезегінде тұрғанын айтқан. Кәрім Нәсбекұлы бұл ауылдан балабақша салу туралы жобаның жасалып жатқанын, ал кезекте 500 емес, 346 бала тұрғанын сала басшыларын орындарынан тұрғызбай-ақ, олардан сұрамай-ақ өзі сарт еткізді. Риза болдық. Сосын қай ауданда қанша оман арық бар, оның қаншасы тазалауды қажет етеді деген сияқты түрлі мәселелерді де әкімдік мәжілісінде аудан әкімдеріне саусағымен санап тұрып түсіндіреді ғой.
Жаңашыл әкім қашанда өңірді жақсартам деп жұмыс істейді. Соңғы жылдары облыс орталығы – Тараз қаласы мен аудан орталықтары, тіпті, ауылдар да заман талабына сай сәулетпен салынған зәулім ғимараттармен, көп қабатты тұрғын үйлермен толығып, ажарлана түсті. Кәсіпкерлеріміз де қараған кісінің көзі тоятын көп қабатты тұрғын үйлер мен ғажайып нысандар салуда. Тараз қаласының аумағы шығысы мен батысына және оңтүстігі мен солтүстігіне қарай ұлғая түсті. Құрылыс нысандары сәулеттік жобасының көз тартарлықтай көркем болуына да қатты көңіл бөліне бастады. Тараз бен Алматы қалаларының арасындағы жолаушылар қатынасы жақсарды.
Кәрекеңнің бір қатты қуанған сәтін білемін. Ол былай деген:
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ мемлекеттілігінің бастау алғанына 550 жыл толуын тойлаймыз. 1465 жылы тұңғыш рет Қазақ хандығы құрылды. Сол кезден бері қазақ мемлекеттігі жалғасын тауып келеді. Сол себепті де біз ата-бабамыздың ұлы ісін жалғастыруымыз керек» деген сөзін оқып бір қуансам, тойдың Астанадан кейін Тараз қаласында өткізілетіні туралы Елбасы шешімін естіп тағы қуандым...
«Тас түскен жеріне ауыр». Той тауқыметінің бәрі өзінің мойнына жүк боп түсетінін білсе де, Ел мен Ес, Рух пен Жад деген жәдігерлер үшін қуанып тұрды сонда Кәрекең.
«Туған жерге туың тік» дегендей, туған жеріне жанашыр боп жүрген әкім мұндайда қуанбағанда, шынында, қашан қуанады. Қытайға барған іссапары да қуанышты хабарға толы болды. Сонау Қытай мемлекетінің Сань Ян жерінен Қазақ еліне бет алған «Ұлы Жібек жолындағы мәдениет» атты керуен дәл той күні Тараз төріне келіп, нағыз тосынсый жасады. Бұл – Қазақ-Қытай достығының керемет үлгісі болатын.
«Елді іс біріктіреді, сөз бұзады» дейді халқымыз. Қазақ қазақ болғалы тұңғыш рет тойланып отырған Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойының тамашасы да, тағылымы да мол болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тойдағы көтеріңкі көңіл-күйі, атқарылған нақты жұмыстарға деген ризашылығы, той қонақтары мен жамбылдықтар алдында толқып, тебіреніп сөз сөйлеуі – бәрі-бәрі өңірдегі жаңашыл, жасампаз істің айғағы еді. Сол тойда ашылған Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішінің маңы қазір нағыз демалыс орнына айналған. Қарахан мазарының қасындағы аллея да қала ажарына әр беріп тұр. Көне Тараз қалашығы ашық мұражайы да – танымдық, тағылымдық мәні бар көрікті орындардың бірі. Әр әкімнің тұсында айтылып, бірақ қолға алынбаған Ақыртас ескерткішіне апаратын «шоқалақ» жолды да қолға алып, тақтайдай теп-тегіс етіп қойды.
Жақында Баласағұн қалашығына жолым түсті. Қалашық күзетшісімен әңгімелесіп тұрып мұнда кімдердің келіп-кететіндерін сұрадым. Күзетші бірден: «Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев екі рет келді»,– деді. Сосын оның ежелгі қалаға дейін жол салдырып берем деген уәдесін масаттанып тұрып жеткізді. «Тарихшылар, жазушылар келіп-кетеді» дейтін шығар деп ойлап тұрған мен бұл жауапқа кәдімгідей риза боп қалдым.
Кәрім – мейірім, ізгілік, жақсылық деген сөздердің жиынтық мағынасын білдіреді екен. Осындай жақсы сөзді жанына серік еткен азаматтың өзі басқарған өңір халқының иығына ауыртпалық салмай, басшылардан тек қана жұмысты талап ететін іске жауаптылығын, жанашырлығын көріп-біліп жүрген соң, шынында да, оның игілікке ұласатын ізгілікті пір тұтатын адам екендігіне күмәнің қалмайды.
Иә, туған жерді түлетем деп шаршау да бір бақыт қой.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері